Атырауда жаңа жоба жұртшылыққа жол тартты, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Исатай аудандық жастар ресурстық орталығы “Жастар LIFE” жобасын жүзеге асыруды жолға қойды. Мұндағы мақсат – жастарды ауылға тарту, егін және мал шаруашылығымен айналысуға шақыру.
Исатайлық жастар “Нұрхат” шаруа қожалығына барып, ондағы шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Аталған шаруашылық иесі Нұрхат Құмарбеков “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” несие алу арқылы бизнес бастаған екен. Сондай-ақ, ол респубикалық жастар слетіне де қатысып, біраз тәжірибе жинап қайтқанын да тілге тиек етті.
Сөйтіп, жоба қатысушылары бір сәт қырдағы қарбаласты өз көздерімен көрді. Қыздар болса, қызыл шоққа нан пісіріп, сиыр саууды және жетім қалған қозы-лақты тамақтандырып, аяқтандыруды үйретті. Сондай-ақ, сойылған малдың шек-қарнын қалай тазалау кеерктігін де біліп алды. Солардың бірі – Анар Шұғылан. Ол ауылдың болашағы зор екенін айтады.
- “Қазіргі жастар мал бағып, егін егуден қашып жатады. Жалпы, қазіргі қоғам қиындықтан қашады. Тіпті, қарапайым қой терісін де “иісі шығады” деп лақтырып жатамыз. Ал, егер оны өңдейтін өндіріс орнын ашып, соған тапсыратын болсақ, Қытайдан киім тасымайтын едік қой. Шындығына келгенде, табыстың кілті атакәсіпте екенін түсінбей жүрміз. Мен жаңа жоба арқылы осы мәселенің шешімін тапқым келеді” дейді ол.
Сол сияқты, жігіттер жағы да қарап қалған жоқ. Олар ер қанаты – атқа мініп, “қой кезекке” шықты. Төскейде төрт түлік түлеткен ата-баба салтының қыр-сырын меңгерді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін берері мол деп сендіреді.
– Қырда қайнаған тынымсыз тіршілік туралы есту бір бөлек, көзбен көру мүлде басқа дүние. Ауыл шаруашылығымен айналысудың қызығы мен қиындығын жастарға көрсеткіміз келеді. Егін егіп, мал өсіремін, жергілікті халықты табиғи таза өніммен қамтамасыз етемін деген жанға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ендеше, осыны жан-жақты насихаттай беру керек. Атырау тек өндірісті өңір ғана емес, ауыл шаруашылығы дамыған агроаймақ болып та табылады, соны ұмытпау керек. Алдағы уақытта теңіз туризміне қатысты түйткілдерді түсіндіру де жоспарда бар.