Атыраулықтар «қызыл мәртебемен де» қоғамдық нысандарға кіруге талпынады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Нысандарды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Рысжан Таубаеваның сөзінше, карантиндік талаптар қоғамдық тамақтану орындары мен компьютерлік ойын клубтарында көбірек бұзылады екен.
«Қалалық және аудандық әкім өкімдерімен құрылған 64 мобильді топ құрамына ІІД, «Атамекен» ҰКП, аумақтық әкімдік өкілдері кіреді. Бүгінде облыс бойынша 772 құқықбұзушылық анықталып отыр. ШОБ нысандары мен жеке тұлғаларға 524 айыппұл салынды. Тамыздың өзінде 2801 нысанға 617 рейд жүргізілді» деді спикер.
Өңірде 1348 тұрғын «қызыл мәртебемен» нысандарға кіргізілмеген. Осылайша, 7 мыңға жуық жаңа жағдайдың беті қайтарылған. Толтырылған 48 хаттаманың әрқайсысына 87 мың теңге айыппұл салыныпты. Ал, «сары мәртебелі» 859 тұрғынға соңғы Қаулының құжаты таратылған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ