АТЫРАУДАСАРАПТАМА

ТЕҢІЗ КЕН ОРНЫНДАҒЫ COVID-19 ЖҰҚТЫРҒАН ВАХТА ҚЫЗМЕТКЕРІ 10 АДАММЕН БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАН

Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаева ӨКҚ-де өткен брифингте  мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Ватернас»  вахталық лагерінде 50 жастағы қызметкермен тығыз байланыста болған 10 адамға сынама тест жасалды. Қазіргі таңда олар оқшауландырылып, стационарға орналастырылған.

Сондай-ақ, науқаспен ықтимал байланыста болған 50-ден астам адам  оқшауланған.

 «Теңізшевройл» ЖШС-нің қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі  бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Теңіз кен орнынан  шығу шектелген, тек жүк көліктері мен қажетті тауарлар бар көліктердің  кіру мүмкіндігі бар.  Жүргізушілер күшейтілген тексерістен өтеді.

– ТШО компаниясы алдыңғы кезекте  – кәсіпорындағы санитарлық-гигиеналық шараларды күшейту міндетін қарастырып отыр.  Қызметкердің вирус  жұқтыру фактісі өндіріс процесіне әсерін тигізбеді.  ККЖ жұмысы штаттық режимде жалғасуда, сондай-ақ, індет жұқтыру қаупі жоғары топқа жататын қызметкерлер кен орынынан шығарылуда, – деді Рзабек Артығалиев.

 Айта кетейік, Теңіз кен орнының кіре берістерінде төрт санитарлық пост орнатылды. Барлық өндірістік нысандарды жаппай дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, термометрлік бақылау арттырылған.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button