САРАПТАМА

«Қарапайым заттар экономикасы»: Атырауда 21 бизнес-жоба іске асады

Елімізде өткен жылы бастау алған «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы негізінен шеттен келетін әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдерге алмастыруды көздейді. Атырау облысындағы тауар айналымының 97% Ресейдің еншісінде. Көршілес орналасқандықтан да алыс-беріс пен барыс-келіс жақсы жолға қойылған. Бірақ қашанғы шекара асып, тасып тамақтанасың? Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, жаңа іс бастаймын дегендерге дәл осы бағдарлама жақсы мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, 6 пайызбен 7 жылға несие алып, бизнес бастауға болады. Облыстық кәсіпкерлер Палатасында қарапайым заттар экономикасын дамыту жөнінде Жобалық алқа бар. «Жобалық алқа еліміз бойынша  алғаш рет Атырауда ашылды. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік»,-депті облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов. Осы мүмкіндікті пайдалануға ниеттілер саны да артып келеді.

          Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының бөлім меңгерушісі Толқын Тілемісованың айтуынша, Атырауда жеңіл және химия өнеркәсіптері, құрылыс, машинажасау салалары бойынша 21 жоба мақұлданған. Бұл мақсатқа 7,6 млрд теңге бағытталады.

          -«Аграрлық несие корпорациясы» бағдарлама аясындағы алғашқы несиесін біздің облысқа берді. Махамбет ауданындағы «Тама-кен» ШҚ 250 бас жылқы малын сатып алуды жоспарлауда. Табысты іске асқан жобаның бірі – «ЭРТРИ» ЖШС-нің арнайы киім мен аяқ киім өндірісі,-депті Өңірлік Палата өкілі.

          Қазір Жобалық алқа қарауында 94 жоба бар. Егер соның бәрі бірдей іске асса, жеңіл өнеркәсіптегі импорт үлесі 71% -дан 60%-қа, химия өнеркәсібінде 55-тен 40%-ға төмендейді. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілеттілікті арттырып, отандық өндірістің өрге басуына септігін тигізері анық.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button