Қыркүйектен бастап тарифті дифференциялау бойынша пилоттық жобаға қосылған қалалар мен аймақтарда электр энергиясы қымбаттайды. Әзірге бұл жобаға Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қосылған. Тұрғындар, кәсіп пен бюджеттік ұйымдар үшін бір киловат құны біртіндеп теңестіріледі, деп хабарлайды 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы.
Қыркүйектен бастап аталған аймақтар мен қала тұрғындары электр қуаты үшін көбірек, ал заңды тұлғалар азырақ төлейді. Мәселен, қазір Қостанай облысында дифференцияланған тариф бойынша ең үлкен екпін 19 теңге, заңды тұлғалар үшін 32, бюджеттік ұйымдар үшін 55 теңге. Уақыт өте барлық ұйымдар үшін тариф бағасы теңестіріледі. Әзірге жоба тек пилоттық ретінде басталған.
Мамандардың сөзінше, бұл саланың алға жылжуына үлес қосып, электр қуатымен қамтитын ұйымдар арасындағы бәсекені дамытады. Осылайша кәсіпке қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың арзандауына септігін тигізеді.
“Электр қуатының құны ұн бағасында 15%, ал нан бағасында 6%, жұмыртқа өндірісінде 8%-ды алады. Егер биыл дифференциацияны тым болмағанда 10%-ға төмендетсек, кәсіпті де бағаны түсіруге көндіре аламыз” depti Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Мұндай бастаманы кәсіпкерлер де қолдап отыр. Қостанай құс фабрикасы директорының сөзінше, жұмыртқа бағасында 1,5 теңгені электр қуаты алады. Егер тариф төмендесе, айына 1 миллион теңгені үнемдеу мүмкін болады екен.
“Тариф 10 немесе одан көп пайызға төмендетілсе, жұмыртқа өндірісіндегі шығын 1-2 теңгеге азаяды. Бұл жұмыртқа бағасына да әсер етеді. Жұмыртқа жекелей сатылатын өнім болғандықтан, 0,5 немесе 0,3 теңгенің өзі әсер етеді” деді “Север Птица” АҚ президенті Мырзабек Назарбеков.
Ал шенділер әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге уәде беріп отыр. Сонымен қатар құжат жинаумен мәселе де туындамайды дейді.
“Көбісі келмейді, көп құжат жинау керек, 600 теңгені не істеймін дейді. Мемлекет келіп, тұрғын үй бойынша көмек көрсетіледі, біз саған ақша аударамыз деп айтуы керек” деп қосты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Тариф дифференциациясын біртіндеп төмендету бірнеше жылға жоспарланған. Қыркүйекте 10%-дан бастау жоспарланған. Яғни тұтынушы ай сайын 200-300 теңгеге көбірек төлейді. Алайда Петропавлдағы апат салдарын жою бойынша шығын салдарынан елде электр қуаты қымбаттап кетуі мүмкін.