Бұдан былай такси қызметінің бағасы сапасына сай болмаса такси компаниялары қатаң тексерілуі мүмкін.
Қазір Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі еліміздегі ең ірі деген 9 компанияға бақылау жүргізіп жатыр. Яғни, олар клиенттерге қай уақытта қандай баға ұсынып келгендерін түгел көрсетуі керек. Бұған дейін телефон қосымшасы арқылы шақыратын такси қызметінің құны күрт қымбаттап кетті деген көпшілік, енді оның сапасы бағасына сай емес деп наразы. Кез келген уақытта құбылып шыға келетін бағаны айтпағанда, көлік жүргізушісі қит етсе өзіңді кінәлап шығуға дайын тұрады дейді.
“Жол ақысын төлемей, құдды бір тегін такси жалдағандай күйде боламыз”,- деген тұтынушылардың уәжі орынсыз қалмайды дейді Бәсекелестікті қорғау агенттігі.
Қазір еліміздегі ең ірі деген 9 такси компаниясының қызмет көрсету құнына қатысты мониторинг жүргіліп жатыр екен. Қорытындысы осы айдың соңына дейін қолымызға тиеді, бағасына қарай сапасының деңгейін тексеруге шығамыз дейді мамандар. Қазақстан Республикасының аумағында 9 нарық субъектісі (такси агрегаторлары) жұмыс істейді. Мысалы: Yandex.taxi, Uber, Bolt, Maxim, Region, DiDi, Aparu, Tappy такси, Indriver және басқа да аймақтық диспетчерлік қызметтер. Сапардың құны белгілі бір қаладағы нарықтың жұмыс істеу ерекшеліктеріне, сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына, сапарлар бағасының орташа деңгейіне, сондай-ақ ықтимал шығындарды ескере отырып, алгоритмдерге негізделген динамикалық баға белгілеу арқылы анықталады. Әйтсе де, Yandex.такси и Uber компаниясы баға нарығына қатысты мәліметті Агенттікке беру үшін қосымша тағы 8 күн уақыт сұрапты.
Айта кету керек, бүгінде такси қызметін пайдаланатын клиенттердің 80 пайызы ұялы телефонның қосымшасы арқылы тапсырыс береді екен.