Қазақстанда

Әлеуметтік желінің әсері

Қазір XXI ғасыр. Заман дамыды. Әлеуметтік желі де жоғары деңгейде қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ол бүкіл әлемді қамтып, танымалдылығы күннен күнге көтеріліп жатыр. Барша адамзат өз өмірлерін әлеуметтік желісіз елестете алмайтындай… 

Қоғамда адамзатқа керектінің барлығы бар, олар технологияның дамыған заманында өмір сүруде. Ақпаратпен алмасу, адамдар арасындағы тілдесу, жұмыс беру ұсыныстары мен іздеу жолдары, демалыс түрлері шын өмірден виртуалды әлемге өтті. Миллиондаған адамдар күнделікті түрде әлеуметтік желілер қызметтерін пайдаланады, жаңа достар мен клиенттер, қызметкерлер іздейді, кейбіреулері уақыттарын бос өткізуге арнайды. 

Жалпы, әлеуметтік желінің қандай да бір заңдылығы, қойылатын талабы жоқ. Десек те, әлеуметтік желілер отбасы, мектеп, дос-жарандар секілді әлеуметтендірудің классикалық институттарын қарқынды түрде ығыстыру қаупін туындатып отыр. Пайдаланушылардың виртуалды әлемде игеретін жағымсыз қасиеттері шын өмірге келгенде әлеуметтендірудің нақты процесін күрделендіріп, қалыптасқан қоғамдық ережелерді күйретуі мүмкіндігін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік желілерде ішкі тәртіптерге негізделген нормалар мен ережелер қоғамдық стандарттармен сәйкес келе бермейді және оны бұзғаны үшін шын жауапкершілікке тартылатындығын кеш түсініп жатамыз. 

Әлемнің әр аймағында түрлі әлеуметтік желілірдің танымалдылығы әртүрлі. Мысалы, Солтүстік Америкада MySpace, Facebook, Twitter, Nexopia кеңінен таралса; Еуропада Facebook, Bebo, Tagged.com; Оңтүстік және Орталық Америкада Public Broadcasting Service, Orkut, Facebook; Азияның Филиппины, Малайзия, Индонезия, Сингапур сияқты елдерінде Friendstar, Multiply, Orkut, Renren және Cyworld әлеуметтік желілері танымал.

Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 525 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады. Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді. Өйткені, бұл ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Агенттік ұсынған тағы бір қызықты дерек, әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазады. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтатын болып шыққан. 

Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері: ақпарат алмасуда сурет, бейне, блогтар мен қауымдастық, чат және т.б. көздер арқылы қажетті мәліметтерді кеңінен пайдалану; өз профиліңді құру және автор туралы мәлімет ұсыну; мүдделері бойынша ортақ виртуалды достармен қатар, өмірдегі достар, туысқандар, әріптестер, сыныптастар мен курстастар бірлестігін құру; халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты блогтар арқылы күшейтеді; кез келген жерде қажетті ақпаратты өз уақытында алу және пайдалану.

Иә, әлеуметтік желі адамзаттың қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алады. Алайда, оның пайдасы мен зиянына бейім қойып қараған жөн деймін…

Асылай Жұмажанова,

Журналистика кафедрасының 3 топ студенті.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button