Air Astana әуе компаниясының әлеуеті артпақ

by Depti
0 views

Қазақ елін әлеммен әуе қатынасы арқылы байланыстырып отырған Air Astana әуе компаниясына биыл 20  жыл толды. Әуе арқылы сан мыңдаған  жолаушыны діттеген жеріне аман жеткізуді мақсат еткен әуекомпанияның мінсіз қызмет етуі, ең алдымен ұшақты ұшуға дайындайтын мамандардың ерен еңбегіне байланысты екені сөзсіз.

Жуырда  Air Astana-ның авиациялық-техникалық орталығында өткен баспасөз турында журналистер әуекомпаниядағы  соңғы жаңалықтарға қанығып,  халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап алды. 

Елімізде жаңа ұшақтармен толығып, сенімге ие болып отырған  Air Astana компаниясының паркінде бүгінде 37 ұшақ бар. Олардың дені өзімізге жайлы Airbus 320 маркілі ұшақтар. Сонымен қатар  Boeing 767 авиалайнері де бар. Компаниядағы барлық ұшақтың зауыттан шыққанына 5 жыл толмағандығы  халықтың әуекомпанияға  сенімін арттыра түсетіндей.

Алдымен бізге Air Astana компаниясының ұшақтарға қызмет көрсететін авиациялық-техникалық орталығының жұмысымен танысуға мүмкіндік берілді. Орталықта  қуат үнемдейтін технологияларды пайдаланып, канадалық жоба бойынша салынған, аумағы 5,5 мың шаршы метрлік ангар бар. Ангарда бір уақытта екі Embraer, екі Airbus ұшағына  қызмет көрсетуге болатын жағдайдың барлығы жасалған.  Бұл орталықта ангардан басқа авиакомпания қызметкерлеріне арналған кеңсе бөлмелері, бөлшектер қоймалары, арнайы техникаға арналған гараж, компоненттерді жөндеу цехы орналасқан. Қуантарлығы мамандардың дені жергілікті халық өкілдері.

20220523 082232

Air Astana әуе компаниясының техникалық қолдау менеджері Темірлан  Бағашардың айтуынша, әуе компаниясының инженерлік-техникалық департаментінің басты жаңалығы – Air Astana компаниясы Airbus 320 ұшақтары үшін c-check тексеруді дербес жүргізеді. Ал бұл алтыншы c-check. Компания бұл үшін көп қаржы үнемдейді. Сыртқы ұйымдарды тартпай, компания  өзінің техникалық базасына, персоналына қаржы салып отыр.

Қазірға таңда әуекомпания даму сатысында дербес техникалық қызмет көрсету үшін, ең алдымен қосымша құрал-жабдық алуға қыруар қаржы құйып тұр. Айтарлығы авиациялық-техникалық орталықта шетелдік ұшақтарға да қызмет көрсетіледі. Ангарға айына 15 шақты ұшақ келеді. Қазір компания С1 формалы техникалық бақылау жүргізсе, келешекте күрделі техникалық қызметтің С2 түріне ауыспақ. Бұған Air Astana үлкен инвестиция салуда.

Кездесуде Air Astana компаниясының  стратегиялық даму және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті Ердәулет Шәмшиев пен сауда-саттық жөніндегі директор Ислам Секербековтерге  сауал қойдық.

– Еліміздің батыс аймақтары бойынша  рейстер кебейе ме?

-Ішкі рейстердің көбеюі халықтың  сұранысына байланысты. Себебі әуе қатынасы бойынша  біз ғана емес, SCAT Qazaq Air әуе компаниялары бар. Сондықтан әр рейстің өзіндік құны болады. Кез келген әуе компаниясы рейсті өзіне шығын келтіріп орындай алмайды.  Әр рейстің өзіндік тұрақты шығыны бар. Айталық  жанармай, персонал шығындары, инженерлік-техникалық қызмет көрсету, аэронавигация, әуежай қызметтері және өзге қызметтер бар.  Ұшақ іші  жолаушыларға толы болсын не болмасын  – бұл шығындарды өзіміз көтереміз. Жеткілікті сұраныс болса, әуе компаниясының өзі мүдделі болады. Халықаралық рейстерге келетін болсақ,   Fly Arystan жаңа әуе рейстерін ашу үшін әуе паркінің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Батыс өңірі бойынша Грузияға, Шарм-эль-Шейхқа чартерлік рейстер бар.

– Жұртшылықты ішкі рейстер билетінің  қымбаттығы толғандырады…

– Бұл мәселені тексердік. Егер билетті бір жарым ай бұрын алса, билеттердің 65 пайызының құны арзан және орташа бағада. Ал FlyArystan-ның 1,5 айдан соңғы аптаға дейін билеттердің 80 пайызы өте арзан. Билет құнына қатысты көбінесе депутаттар мен кәсіпкерлер наразылық білдірді. Біздің анықтағанымыз, олардың көбі билетті ұшуға бірер  күн қалғанда алады. Сондықтан қымбат болады. Билеттің бәрін өте арзанға сата алмаймыз. Ұшу шығындарын өтеуіміз керек. Ерте алынған билет арзанға шығады. Мәселен студенттер каникул уақытын біледі, ерте алып қояды. Оның үстіне 25 жасқа дейінгі жастарға, 65 жастан асқандарға, балаларға арнайы жеңілдіктер бар.

Кейбір адамдар кеңестік кезеңмен салыстырады.  Ол уақытта билетке үкімет

субсидия бөлген. Субсидия деген бәрібір халықтың салығынан құралған бюджет. Бүгінде ол жүйе жұмыс жасамайды, нарық өзгерді. Жолаушылардың жүгіне қатысты айтар болсақ, бұрын билет құнында жүгіңіздің бар-жоғына қарамастан 20 пайыз қол жүгінің бағасы қосылып тұратын. Қазір жүгіңіз болмаса ақша төлемеуге жағдай жасалды.  Іс сапармен ешқандай жүксіз жүретін адам көбейді. Жалпы айтқанда жолаушылардың қолайлығы үшін таңдау еркі берілді, – деді Ердәулет Шәмшиев.

– Украинадағы соғыс  әуе компанияларына шығын әкелді ме?

– Ресей – біз үшін ең үлкен нарық. Пандемиядан бұрын Ресейге аптасына 74 рейс ұшса, бүгінде бірде-бір рейс жоқ.   Мәселен Лондон, Франкфурт, Амстердамға Ресейдің үстімен тіке ұшатын рейстер қазіргі геосаяси ахуалға байланысты Оңтүстік Еуропамен айналып өтуге мәжбүр. Жанармай, әуежай қызметтері, аэронавигацияға шығын көбейсе де, билет бағасын қымбаттатқан жоқпыз.  Басқа айналма бағыт бойынша еуропалық рейстерді орындаған кезде қосымша шығын жұмсаймыз. Бұл билет құнына әсер еткен жоқ, бірақ шығын артты. Қазір жаңа бағыт ашу арқылы шығынды өтеуге тырысып жатырмыз, – деп түсіндірді стратегиялық даму және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президент Ердәулет Шәмшиев.

– Air Astana компаниясы 2012 жылы меншікті авиалайнерлеріне қазақтың танымал әйел тұлғаларының есімін беру жобасын жүзеге асырды. Алғашқы ұшақтарыңыз «Embraer 190» ұшағына ұшқыш-штурман, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Бүгінде осы ұшақтың лизинг компанияға қайтарылғалы тағдыры белгісіз. Биыл туғанына 100 жыл толып отырған қазақтың батыр қызы Х.Доспанова есімін  Airbus 320 немесе   Boeing 767 авиалайнеріне жаңартып беруге бола ма?

–  Air Astana әуекомпаниясының қазақтың танымал әйел тұлғаларының есімін ұшақтарға беру дәстүрі әуекомпанияның тарихы үшін елеулі жаңалық болды. Әрине, қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова есімін жаңа әуелайнерге беру мәселесін шешуді қарастырамыз деп ойлаймын, деген Ердәулет Шәмшиевтің жауабы көптің  көңілін жадыратты.

Алғашқы рейсін Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшырған компания 20 жылда 600000-нан астам рейс орындап, 60 миллионға жуық жолаушы мен 250 000 тоннадан астам жүк тасымалдаған. Қаржылық және өндірістік көрсеткіштерге тоқтала кетсек, былтыр жалпы түсім 2020 жылмен салыстырғанда 90 пайызға ұлғайып, 761 млн АҚШ долларын құраған. 2020 жылы пандемия салдарынан 93,9 млн АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшыраған авиакомпания 2021 жылы 36,2 млн АҚШ доллары көлемінде таза пайда тапқан.

20220523 082400

Бүгінде бес мыңнан астам қызметкері бар авиакомпания 20 жыл ішінде ел қазынасына 120 млрд теңге (500 млн астам АҚШ доллары) салық төледі.

Air Astana былтыр Батуми (Грузия), Подгорица (Черногория), Коломбо (Шри-Ланка) және Пхукетке (Тайланд) жаңа халықаралық рейстер ашты. Сонымен қатар бірнеше халықаралық бағытқа, соның ішінде Мале (Мальдив аралдары), Лондон, Дели, Тбилисиге (Грузия) және Душанбеге (Тәжікстан) ұшатын рейстерді қалпына келтірді. Биыл 15 мамырда тасымалдаушы компанияның құрылғанына – 20 жыл. Компания жаңа 8-ші Airbus A321LR ұшағымен толықты,  27 мамырдан Алматыдан Бодрумға (Түркия), ал 2 маусымнан бастап Алматыдан Грекияның Ираклион қаласына тікелей ұшатын жаңа рейс ашты.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com