Ақша бопсалаған жоғары сынып оқушыларынан таяқ жеп, миы шайқалды…

news full1639154327372028a2f551588d3f432077ea55d811

Алматы облысында оқушылары төбелескен мектеп директоры қызметінен шеттетілді.

Жоғарғы сыныптағы балалардан оңбай таяқ жеген 10-сынып оқушысының миы шайқалып ауруханада жатыр. Жәбір көрген баланың туыстарының айтуынша, олар ұлынан ақша бопсаламақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі  тергеу басталды.    

Батпаққа шыланған ақ көйлек, басын ұстап ақсаңдап бара жатқан бала. Қалған жігіттердің таза жүргеніне қарағанда, ішінен екеуі төбелесіп, бірі соққының астына қалған сыңайлы. Бұл бейне анасына бірінші болып жеткен. Оңбай таяқ жеген баласын бірден танып үйіне жетіп барған. 

«Келсем, балам құсып жатыр. Есінен танып, беті көгерген, аузы қанаған. Жедел жәрдем шақырдық. Алып кетті. Диас, Алмат және Жандос деген балалардың ұрғанын, ақша сұрағанын білдім», – дейді баланың анасы Шолпан Жұмабаева.

Оқиға Есік қаласына қарасты Рахат ауылының кісі аяғы көп жүрмейтін көшелерінің бірінде болған. Бұл маңда үй иелері жиі келмейтіндіктен көбіне бос болады екен. Оқушылар бір-бірінің арасындағы кикілжіңді осы жақта шешетін көрінеді. 

Анасының сөзінше, баласын қанжоса қылып тепкілегендер №1 мектептің 11- сыныбында оқиды екен. Тәлімгерлері төбелескен білім ордасына біз де бардық. Оқу ісінің меңгерушісі директордың орнында жоқ екенін айтып, сұраққа жауап бере алмаймыз деп басын ала қашты. 

Қазір мектеп директоры оқушылар арасындағы төбелесті жасырғысы келгені үшін жұмысынан шеттетілді. А, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары орнын босатты. Ал осымен төртінші күн ауруханада жатқан бозбала қазір оңалып келе жатыр. Алайда жәрдемханаға алғаш келгенде миы шайқалып, ерні жыртылып кетіпті. 

«Диагнозы: ми зақымы, беті, кеудесіндегі бұлшық еттері зақымдалған. Енді осындай жағдай болғаннан кейін түгел емін беріп, үйіне шығарамыз», – дейді Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ахмед Даврешов.

Соққыға жығылған мектеп оқушысы келесі аптада үйіне шығарылуы мүмкін. Ал полицейлер бұзақыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтады. 

«Оқушылар арасындағы жанжал биыл 6- желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауыл округінде болды. Тексеру барысында оқиға сабақтан кейін сағат 13:30 шамасында №1 мектептің 10, 11 сыныптарында оқитын екі оқушысының арасында болған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – Алматы облысы ПД өкілі Ернар Сайдильдин.

Қазір полицейлер бұзақылық бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Егер ақша бопсаламақ мақсатта жеткіншекке күш қолданғандары дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, ата-аналары 5 миллионнан астам айыппұл төлеуі мүмкін.

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: