Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшоқы ауылдық округінде 80-нен астам сиыр мен бұзау қырылып қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Елдімекенге кіре берісте дезинфекциялық бекет орнатылған. Ауру белгілері 3 маусымда пайда болды, содан кейін ауылдық округте жануарларды тексеруге кіріскен.
“Барлығы 260 бас мал ауру жұқтырды, 82-сі қырылды. Оның ішінде 9 сиыр, 11 құнажын, 62 бас екі-үш айлық бұзау болды. Қырылған мал өртелді. Жою жұмыстарымен мемлекеттік органдардың және аудандық ветеринариялық станса мамандары айналысты. Ақшоқы кіреберісіне Комаров дезинфекциялық қондырғысы бар бекет орнатылды” depti Қарағанды облысы ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
Ветеринарлар ауру малға симптоматикалық ем жүргізіп жатыр және оның етін немесе сүтін қолдануға кеңес бермейді. Дәл диагноз қою үшін сынамалар ветеринариялық зертханаға жіберілді.
“Бүгінгі таңда жүзге жуық ауру жұқтырған малды емдеп шықтық. Ауылдық округте ірі қара мал иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өлген мал басы үшін ақшалай өтемақы мәселесі қарастырылуы мүмкін” дейді жергілікті әкімдік.