Заң бойынша Елбасын қамауға болмайды

by Depti
0 views

 Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына қатысты тергеу жүргізуге болады.

Бұл туралы әділет министрі Қанат Мусин БАҚ өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Тұңғыш президент туралы заң Елбасы мен оның отбасын тергеуден емес, қылмыстық жауапкершіліктен қорғайды.

“Заң тергеуден емес, қылмыстық жазадан қорғайды. Тергеуден ешкім қорғалмаған. Мен заңда қалай жазылса, дәл солай айтып тұрмын. Ол жерде қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтыны жайлы айтылған, бірақ қылмыстарды тергеу туралы бір ауыз сөз жоқ”, – деді Мусин журналистердің сұрағына жауап беріп.

Министр Қазақстанда заң шығару бастамасына мәжіліс, президент және үкімет ие екенін, сондықтан тек олар ғана Тұңғыш президент туралы заңды алып тастауды ұсына алатынын атап өтті.

Мусин бұл заңның күшін жою мәселесі – заң тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да күрделі екенін айтты.

“Заңды оны қабылдаған парламент қана алып тастайды. Яғни, парламент мұндай заң күшін жоюға тиіс деген шешім қабылдай алады”,- деп нақтылады ол.

Айта кетері, Тұңғыш президент туралы заң бойынша Елбасыны ұстауға, қамаққа алуға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге, күзетпен ұстауға болмайды.

Сонымен қатар, Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық жеке мүлікке тиісуге және шектеу қоюға болмайды. Жеке мүлікке тұрғын және қызметтік үй-жайлар, қызметтік көлік, байланыс құралдары, хаттар, құжаттар кіреді. Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президенті – Елбасы қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Бұдан бөлек, конституциялық заң Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпауына кепілдік береді.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов шетелдік БАҚ-та Назарбаевтар отбасының офшорлық шоттары мен қымбат мүліктері туралы көптеген мақала жарияланғанына қарамастан, Қазақстанда оларға қатысты тергеу жүргізілмегенін мәлімдеді.

Қаңтар оқиғаларынан кейін парламент Тұңғыш президент туралы заңға өзгерістер енгізді. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халық ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылды. Бұған қоса, енді елдің сыртқы және ішкі саясатына қатысты мәселелер Назарбаевпен келісілмейді.

sputnik.kz

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com