Киелі Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде» «Журналистика және ақпарат» даярлау бағдары бойынша ХIV Республикалық олимпиада өтуде.
Сайыстың ашылу салтанатында университеттің ректоры Жанар Амангелдіқызы: – Қадірменді студенттер! Бүгінгі өткелі жатқан Республикалық пән олимпиадасына қош келдіңіздер! Жыл сайын дәстүр болып өтетін олимпиаданы былтыр университетіміздің студенттері топ жарып, үлкен қуанышпен оралған болатын. «Журналистика мен ақпарат» даярлау үрдісі өте маңызды. Қай университет жаңа бағыт бойынша өзінің үздік екенін дәлелдей алса, мінекей 21-ші ғасырда бәсекеге қабілетті болып, сол университеттің атын шығарады. Алдағы сайыста баршаңызға сәттілік, – деп жылы лебізін білдірген болатын.
Жарыс басталмас бұрын әр өңірден келген студенттер сахна төріне шығып, қысқа да нұсқа өз топтарын таныстырып, жеребе тартылды. Республикалық олимпиаданың берілген бағдарламасы бойынша әр топ «Өңір экологиясы», «Мейірімге мұқтажбыз», «Өңір туризмі», «NEET» секілді тақырыптарды таңдап, кемінде 5 минуттан аспайтын бейнесюжеттерін арнайы экранда көрсетті. Қазылар алқасы бірден студенттердің дайындаған жұмысының мазмұнын, сөз саптауы мен монтаж жаңашылдығын және тақырыптың ауқымды ашылуын қадағалап, әділ бағасын берді. Алғашқы қорытынды бойынша Қызылорда облысы «Қорқыт ата» және Алматы облысы «ІТ» тең түсіп, 45 ұпаймен топ жарса, Алматы облысының «Сүлеймен Демирель» университеті 43 ұпаймен екінші орында болды. Үздік үштікті олимпиаданың иесі «Ясауи» университеті 42 ұпаймен түйіндеді.
Түскі үзіліс кезінде студенттер университет қалашығын аралады. Қобалжыған студенттер аздаған сейілден кейін қорқыныштары басылғанын айтады.
- – Басында қатты қобалжыдым, кейін үйренісіп кеткесін барлығы сып тыйыла қалды. Түркістан мен ойлағаннан да басқаша болып шықты, – дейді «Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің» 3 курс студенті Камилла Абдильманова
Сайыстың 2-ші кезеңінде әр командадан 1 алғыр студент шығып «kahoot» бағдарламасы арқылы 4 пән бойынша тест тапсырды. Бұл жерде студенттердің білімдері ғана емес, шапшаңдығы да сыналды. Екі сағатқа созылған тест нәтижесі бойынша 36 ұпаймен «Тараз облысының М. Х. Дулати атындағы университеті» жүзден жүйрік шықса, «Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті», Алматы облысының «Тұран университеті» және «А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университеті» тең 35 ұпай жинап, екінші орынға жайғасты. Ал, «Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті» 34 ұпаймен үшінші орынды қанағат тұтты. Ал, бірінші күннің қорытындысы бойынша, «Еуразия ұлттық университеті» алда келеді. «Тұран университеті» екінші орынды иемденсе, «Сүлейман Демирель университеті», «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» және «IT университеті» үшінші орынды бөлісіп тұр.
Олимпиаданың бағдарламасы бұнымен аяқталған жоқ. Студенттерді Алматы қаласы сыйға тартқан «Алатау медиа орталығына» ұйымдастырушылар саяхаттауға апарып, таныстырды.
Университетке студенттер кері келіп, «30 жылдық мерей тойына арналған 30 жобамен» танысып, «Ясауи» студенттері арнаған қонақжай концертін тамашалады. Кешкісін әр өңірден келген болашақ журналистерді университеттің студент капитандары «Керуен сарай» муниципальды кешені маңына апарып, естен кетпес сәттей етіп, керемет саяхат сыйлады.
Әсемдікке таңдана қараған студенттер риза болды. Ұйымдастырушы жастарға алғыстарын жаудырып, келесі күннің сайысына дайындалу үшін қонақ үйлеріне аттанды.
Аружан Шынғалиева