Ираннан келген қандастарымыз Маңғыстауға қоныс аударды

18137517

53 қандасымыз мінген Иран ұшағы Ақтау әуежайына келіп қонды.

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

«Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан 53 адам Қазақстанға қоныс аударды. Олар Ақтау қаласында 2-3 күн аялдап, құжаттарын реттейді. Жатақханаға орналастырамыз. Құжаттарын реттеу жұмыстары аяқталғаннан соң Нұр-Сұлтан қаласына аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныстанады», – деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.

Айта кетейік, өңірге келген 53 адамның 25-і бала, барлығы 20 отбасы атамекенге оралды.

Тарихи Отанына келгендердің бірі – Хадиша Адай. Атамекенді аңсап, егемен еліне келген ол қуанышын бөлісіп, жылы лебіз білдірді.

«Мен Түрікменстанда тудым. Дегенмен жұмыс бабы бойынша Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Барлығы да жат адамдар емес ағайындар. Ыстық ықыласпен қабылдағандарыңызға өте ризамыз», – деді Хадиша Адай.

Бұл көшті Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Ирандағы елшілігі мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ ұйымдастырды.

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: