Қазақстанда

«Картаға жібер…»

«Картаға жібер»… Мінекей, осындай сөзді жыл басталғалы еліміздің 7 мыңға жуық тұрғыны естіген екен. Демек, осыншама халықты интернет алаяқтар оп-оңай алдап, сан соқтырды деген сөз. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунтпен арнайы бет ашып, сайт жасап алады.

Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау және қызмет көрсету. Елімізде жыл басынан алаяқтық деңгейі 2 жарым есеге өскен. Оның 53%-ы  интернет арқылы ақша жымқыру фактісі болып тіркелген. Атырау қаласында соңғы жылдары  әлеуметтік желілерде жалған ақпаратқа иланып қалғандар саны азаймай тұр. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы 276 алаяқтық іс, ал 2020 жылы  421 істің шеті шыққан. Биылғы жылдың басынан бастап алаяқтық жолмен қалтасын қампитқысы келетіндердің 200-ден аса істері тіркелген. Әсіресе, instagram, whatsApp  сонымен қатар, telegram желілері арқылы халықтан оңай жолмен ақша табу сәнге айналған. Интернет арқылы ақша тапқысы келетіндердің дені сауда жасау арқылы ойларын жүзеге асырып отыр.

Мөлдір есімді кейіпкеріміз де жалған интернет дүкенге қалай алданып қалғанын аңғармай қалған.

«Алғашқыда ол интернет дүкенді instagram желісінен көрдім. Киімдері ұнаған соң парақшаның шынайы екеніне көз жеткізгім келді. Суреттерді қарап, шолуларды (отзыв) тексергенде айтарлықтай жалғандық байқалмаған соң тапсырыс бердім. Олар  бір ай көлемінде почта арқылы тапсырыс жеткізілетінін айтты. Алайда бір айдан кейін олардан мүлдем жауап ала алмадым. Instagram желісінен мені қара тізімге салғаннан кейін парақшаны да таба алмадым…»

Әлеуметтік желіден ең көп тараған алаяқтардың жымысқы әрекеттері – интернет ақша айналымы. Бұл туралы сіздің де  білуіңіз әбден мүмкін. Себебі алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы ақша айналымын жиі жарнамалап отырады. Алдымен алаяқтар сізден ақша жіберуді ұсынып, берген ақшаңызды «3-4 есеге арттыртып береміз» деп жалған ақпарат ұсынады. Осындай жолмен күніне жүздеген халықтың қалтасын қағып отырады.

Біздің Дана есімді кезекті кейіпкеріміз ақша айналымын, интернет алаяқтардың ісі деп мүлдем ойламаған.

«Жалпы ақша айналымы туралы инстаграм желісінен жарнамалардан көріп, рас шығар деп ойладым. Біріншіден, аз ақшаны жүз мыңға дейінгі аралықта көтере алатынымды айтып сендірді. Алайда олар мені қара тізімге салып аккаунтымды блогқа салғанда, алаяқтардың құрығына түскенімді түсіндім…»

Жалпы әр адам интернет алаяқтардан сақтанудың қарапайым жолдарын біліп жүруі керек. Сақтық шаралары жайында баспасөз беттерінде қанша рет айтылса да, халықтың арасында алданып қалу жайлары әлі де толастамай тұр. Сондықтан тағы бір мәрте қайталап айтқымыз келеді: Құпия сөздерді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, кез келген сілтеме бойынша өтпеуді толықтай сақтау – алаяқтардың жолын кесуге арналған алғашқы қадам.

Саябек Ерғалиев,

Журналистика кафедрасының 3 топ студенті

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button