Қазақстанда

Мазақ қылғандай төрт балаға 30 теңгеден тағайындапты

Көпбалалы отбасының 4 баласына 30 теңгеден АӘК тағайындапты.  

Қарағандыда көпбалалы отбасының 4 баласына 30 теңгеден атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Соңғы екі айды қосқанда бақандай 244 теңге аударылған. Жыл басында отбасы бір мәрте көмек алған екен. Кейін аулада егулі картобың бар деп, одан да қағыпты. Халықты әлеуметтік қорғау бөлімі кейінгі уақытта аталған отбасының табысы өскенін айтады. Сондықтан жүйе отбасының шекті кірісін есептеп, соңғы екі айға 244 теңге тиесілі деп шешкен. 60 жыл бұрын саманнан салынған үй құлайын деп тұрса да, шарасыз отбасының қазіргі панасы. Жыл басында 125 мың теңге атаулы көмекті алдық дейді. Алайда жазда ол да тоқтапты. Сөйтсе комиссия ауладағы алақандай жерге егілген картопты есептеп, табысқа кенеліп отырғанын анықтаған.

– Шықаны бір жарым, екі мөшек картоп. Соны біз алты отбасыға бөлдік. Содан бөлгенде қаптың түбі ғана қалды.

Қабырғасы қақырап, төбесінен суы сорғалаған баспананы жылытатын көмір де аз қалған. Балалардың жәрдемақысы мен жарының айлығы оған артылмай тұр. Атаулы көмекке қайта арыз бергенде билік мақұлдапты. Бірақ тағайындалған қаражат сомасы көпбалалы ананы есеңгіретіп тастаған.

Дариға Қазанғапова, көпбалалы ана: 

– 244 теңгені есептегенде, мен әр балаға екі айға 60 теңгеге памперсі мен нанын алып беруім керек екен. Бір айда әрқайсысына 30 теңгеге нан да ала алмаймын. Қазіргі нан бағасын білесіздер. Сол 122 теңгеге қарап қалған күніміз деп ойлады ма? Ол жағын енді айта алмаймын, бұл маған салсаңыз, мазақ ретінде болып тұр.

Биліктегілер ауладағы картоптың көлемі әлеуметтік көмекке аса ықпал етпейді деп ақталды. Мұнда жәрдемақы мен отағасының жалақысы есептеліп тұр екен. Сондықтан осындай сома шығып тұр.

Людмила Харитонович, Қарағанды қаласы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөлімінің басшысы: 

– 122 теңгеге қосымша отбасы балаларға азық-түлік жиынтығын алады. Ол: сүт, дәнді дақылдар, нәресте азығы. Сонымен отбасындағы екі бала мектепте тегін ас ішіп жүр. Мемлекет кепіл берген көмектің барлығын алып жатыр. Шенеуніктер ортақ жүйе есептеп шығаратын соманы еш өзгерте алмаймыз деп отыр.

Алдында пәтер жалдаған отбасындағылар бала саны өскенде қысылғаннан туыстарының бос үйіне кірген екен. Армандары – жеке баспаналы болу. Әзірге олар пәтер кезегінде 1680-ші орында тұр.

«КТК»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button