Мен таңдаған мамандық

tdblogfeaturedproducers

Өміріміздің ең ыстық, ең жақсы бір бейнесі ол – мектеп кездері. Алғаш мектепке әріп танымай, санау білмей барған біз, мектеп бітірерде білімнің сан мың қырларын игеріп шығамыз. Бізді білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымыз – мақсатымыздың айқын болуына себепші алтын мамандар.

Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, тағы біріне – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау… Бұл – өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.

Ең алдымен, осы сұрақтарды өз-өзіме қойған кезде, бір сәт болсын үлкен жауапкершілікті сезініп, нақты әрі салмақты түрде ойлана бастадым.

Адам өмірінде біз білетін екі нәрседен қателеспеуі керек. Олардың бірі мамандық болса, біреуі жар таңдау. Әрине өмірлік серігіңді таңдауды өмір өзі-ақ үйретеді. Ал мамандық таңдау өте қиын. Шын мәнінде болашақ наныңды табар, еш қысылмай сол жұмысқа барып, одан өзіне керегін алып, үлгі тұтып ұрпаққа тәлім бере алатын таңдау жасауың керек. Адам бірінші неде болса өмірде өз орнын таба білуі керек. Өмірде орныңды нық баса білсең, өзіңді ешқашан жоғалтпайсың! Кейде біз қателесіп ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өтеміз. Алайда, қандай жағдай болмасын оған бар күшіңді салуың қажет. Мамандық та осы сияқты, төрт жыл оқуыңды құр кетірмей қызықты шағыңды оқумен, ізденумен өткізіп, болашақ маманның иесі боласың.

Әрине бұл кейбір жастарға әшейін сөз болып естілетін шығар. Бірақ оның астарында үлкен мағына жатыр. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» – деп аталарымыз бекер айтпаған. Шынында қазіргі заманда оқып ізденбесең алдағы өміріңді елестету мүмкін емес.

Мен де студентпін. Менің бұл тақырыпта көп еститінім «ойланбай, амал жоқтан осы мамандықты таңдадым» – дейді. Менің ойымша мектепте оқып жүріп болашағыңды сол сәттен бастап армандап мақсат қоя білсең ешқашан өкінбейсің! Маған өзімнің мамандығым әлі де қызық. Таңдаған мамандығым – журналист. Көбіне бұл маман иесі болу қызық және оңай болып көрінеді. Ал менің бұл тұста айтарым, әдемі киім киіп, гримм жағып, студияда эфир жүргізуден бөлек оның сыртындағы түрлі келеңсіз жағдайлардан жол тауып шығу өте қиын. Дауыс ырғағын әдемі қолданған адам көбіне радио жүргізуге талпынады.

Әрине, мен де ең басында журналист болу оңай деп ойладым. Алайда оқи келе ең қиын, ең қызықты мамандықты таңдағанымды түсіндім. Бірақ  «мақсатың айқын болса, армандар орындалады»- деген сөзге сүйене келе, болашақ маман иесі болып шығатыныма сенімім мол. 

Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау өте маңызды.

«Шабытынды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», – деп атақты ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адам шың жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ал ол үшін талпыныс қажет. Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту болып саналады. Одан соң болжау, нақты қайда бара жатырсың, не үшін бара жатырсың, соны болжап, нақтылап алған соң ғана талпынуымыз керек. Жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Ең бастысы – сенім. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта елім үшін, мен үшін еңбек ететін болады. Мен оған сенімдімін. Маған және Отаныма еңбек ететін мақсатты дұрыс таңдағаныма сенімдімін!

Айдана Жұмағалиева,

Журналистика кафедрасының 3 курс студенті,

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: