Педофилдердің білезіктері үшін ай сайын 10 мың теңге төлейді

2566790

Келесі жылдан бастап Қазақстанда 300-ден астам педофилге электронды білезік тағылады. Ішкі істер министрлігі қылмыскерлерді бақылау білезін жалға алуды жоспарлап отыр. Бір электронды білезіктің ай сайынғы төлемі 10 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір республикада бас бостандығынан айыру мекемелерінде 2 мыңнан астам педофил жазасын өтеп жатыр. Ал пробациялық есепте 330 адам тұр.

«Келесі жылдан бастап пробациялық есепте тұрған педофилдерге электронды білезік тағылады. Биыл біз пилоттық жобаны бастадық, қазір жеті адамға осындай білезік тағылды. Ал келесі жылдан бастап барлық 330 педофилге тағамыз», – деді Ешмағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне мәжіліс кулуарында.

Ол электронды білезіктер жалға алынатынын атап өтті. Келесі жылы конкурс өткізіледі.

«Олар қымбат құрылғы, оларды сатып алсақ, бюджетке ауыр салмақ түседі. Сондықтан біз білезіктерді жалға алуды көздеп отырмыз», – деді комитет төрағасы.

Кімнен жалға аласыздар деген сұраққа «ұялы байланыс операторлары болатын шығар» деп жауап берді. Айтуынша, қазір ішкі істер министрлігі Билайн компаниясымен пилоттық жоба бастаған. Педофилдерді сол компанияның желісі арқылы қадағалайды.

Бұған қоса, Ешмағамбетов бір электронды білезікті жалға алу ай сайын қанша теңге екенін нақтылады.

«Бір білезіктің бағасы 200 мың теңге және одан жоғары. Сондықтан бізге оны жалға алған тиімді. Алдын ала есеп жүргізілді. Бір электронды білезікті жалға алу оның сервистік қызметін, батареясын ауыстыру сияқты дүниелерді ескергенде, айына 10 мың теңгені құрайды», – деді Ешмағамбетов.

Оның айтуынша, электронды білезік педофильдің жүрген жерін тіркеуге мүмкіндік береді. Егер педофил пробациялық бақылау шарттарын бұзса, полиция қызметкерінің планшетіне сигнал келеді. Тиісінше ол шара қабылдайды.

«Бірінші біз ескерту жасаймыз. Егер педофил екінші рет бұзса, пробациялық бақылауды бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы өтінішпен сотқа жүгінеміз», – деп түсіндірді Ешмағамбетов.

Ол пробациялық бақылау шарттары әртүрлі екенін атап өтті. Мысалы кейбіреуіне түнде үйден шығуға тыйым салынса, енді біріне мектепке жақындауға болмайды.

Сонымен қатар, айтуынша, педофилдерден бөлек, электронды білезіктер басқа да қылмыс жасаған, пробациялық бақылау шарттарын бұзған адамдарға тағылмақ. Қазір олардың саны шамамен 2,5 мың адам.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәжіліс кулуарында жыл соңына дейін пилоттық жоба аясында сексен адамға электронды білезік тағылатынын мәлімдеді.

«Ендігі жылы электронды білезіктерге 356 миллион теңге бөлінеді. Бірақ ол аренда», – деп қысқа қайырды министр.

Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келесі жылдың қаңтарынан педофилдерге электронды білезік тағылатынын мәлімдеді.

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: