Америкалық киностудиялар Ресеймен жұмыс істеуден бас тартты.
Енді көрші ел дыбыстап келген Голливуд фильмдерін орыс тілінде көре алмаймыз. Есесіне Америка киносы енді қазақ тілінде сөйлейді. Актер, тәржімалаушы Қайрат Әділгерей НТК арнасына берген сұхбатында аударма және дубляж жұмыстарының қалай жүзеге асатынын айтты.
“Голливуд фильмдері келесі жылдан бастап қазақ тілінде сөйлейді. Анджелина Джолидің өзі “Құдай қаласа” деп сөйлейтін болады”, – деп қуанышты хабарды жеткізді Әділгерей.
Оның айтуынша, бұл іске еліміздің мәдениет, білім және ғылым, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдіреді.
“Мұның өзі мемлекеттік деңгейдегі қазақ тіліне деген жанашырлық қой”, – дейді актер.
Әділгерей аударма жұмыстарының қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
“Аударманы редакторлар жасайды, қосымша заманауи редакторлар қарайды. Себебі әзілмен беретін жерлерді әдеби етіп берсе, өтпей қалады. Күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер де қосылу керек. Ол әлі талай айғай-шу болады. Бірақ тәжірибемен біртіндеп бәрі дұрысталады”, – дейді Қайрат Әділгерей.
“Стан кз”