Қазақстанда

Қарғадай балада құқық бар ма?

Осыдан он шақты жыл бұрын елдегі қылмыстың түрлері жасарып келеді дегенді естігенде, жағамызды ұстайтынбыз. Оған да етіміз өліп кетті. Өйткені, қазір бесіктен белі шықпаған балаларды көкала қойдай сабап тастапты, ұрлапты, қорлапты, зорлапты дегенді жиі құлақ шалатын болды.

Жаңағы қорлық-құқайды біреулер тұрмыстық деңгейдегі проблема десе, енді біреулер тал бесіктен берілетін тәрбиенің солқылдақтығынан дейді. Соның салдарынан салақсыған сан тағдырдың күл паршасы шығып, пенделіктен бөлек педофилья деген дерт дендеді.

Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі жайында сөз қозғалғанда ең алдымен ойға оралатын сөз – «педофил»… Ата-аналардың ойына үрей ұялататын осы сөздің мағынасы да оңып тұрған жоқ. Латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді екен. Бірақ бұл «сүйіспеншілік» өзгеше… Бүгінде бұл термин балалар мен жасөспірімдерге жыныстық құмарлығы артатын психикалық ауытқушылықты білдіреді. Мұндай ауытқушылыққа ұшыраған адамдар халық арасында (мамандардың пайымдауынша) 10 мыңнан біреу болатын көрінеді. Бұл мақаланы жазуға соңғы уақытта болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар себеп болды. Бұл тақырыпқа келгенде кез келген ата-ананың бей-жай қалмасы анық. Ой жетегіне ерсе, баласының қауіпсіздігін ойлап талай жерді шарықтап шығады да, бойын үрей билейді. Кез келген ата-ана алаңдаулы десек те болады. Ата-аналардың алаңдауына да негіз бар, себебі, жыл сайын осынау қылмыстың саны артпаса, кеміген жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі қазір бірінші орында тұрғаны рас.

Алайда, дәл мұндай сорақылық халқымыздың ата салтында да, асыл дінінде де болған жоқ еді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халқымыз әйелге ең алдымен ана деп қарап, баланы елдің ертеңі бағалады. Қонақ деп қызын төрге отырғызып, соңымдағы ізім деп балдырғанды тізесіне жайғастырды. Сол сана, сол түсінік, сол ұстанымнан қашан айырылып қалдық екен. Енді келіп қыз зорлаған, педофилдер жайлаған елдің қатарына қосылдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», – деді. Мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Заң қатайды. Тіпті педофилдердің қылмыстық картасы да жасалған. Кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлап, сотталып кеткен қылмыскерлердің арнайы сайты бар. Мұның бәрін мемлекет сот, құқық қорғау органдары «халық біліп, сақтанып жүрсін» деген ниетпен ашықтық үшін жасап отыр. Әрине, «сақтансаң, сақтайды».

Ақкүн Сембаева,

Журналистика кафедрасының 3 топ студенті.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button