Қазақстанда

ҚАЗАҚСТАНДА НАН ҚЫМБАТТАЙДЫ…

Елімізде нанның бағасы тағы қымбаттауы мүмкін.

Өйткені биыл бидай бағасы жылдағыдан 30 пайызға өскен. Соның кесірінен кей кәсіпорындар қазірдің өзінде шығаратын өнімдерінің құнын көтеруге мәжбүр болып отырмыз дейді. Ал Қазақстан астық одағы қымбатшылықтың негізгі себебі қуаңшылық пен жанар-жағармай тапшылығы екенін айтады. Олардың болжамынша, көктемде баға тіпті құбылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір еліміздің диқандары еккен бидайдың тоннасы 118 мың теңгеден сатылып жатыр. Бағаның бұлай шарықтауы ұн шығаратын ең ірі кәсіпорындардың өзіне қиындық туғызған. Мәселен, Көкшетау қаласында бидайды өңдеп, тәулігіне 200 тонна өндіретін кешен иелері де алаңдаулы. Олар диқандардан шикізатты қымбатқа алғандықтан, қазірдің өзінде шығаратын астықтың бағасын көтеруге мәжбүр болған. Енді өнімімізге сұраныс азаюы мүмкін дейді.

“Биыл бидай қатты қымбаттады. Әрине бұл біздің компаниямызға әсер етті. Сондықтан шығаратын өнімдеріміздің бағасын амалсыз көтеріп жатырмыз”, – дейді астық өндірумен айналысатын компания басшысы Максим Белусев.

Биыл бидайдың бірден 30 пайызға қымбаттауына қуаңшылық кесірінен дақылдың аз шығуы себеп болды дейді мамандар. Оған жанармай мен астықты егуге керекті химиялық дәрілер бағасының да күрт өсуі қосылыпты. Ал шарықтаған баға келесі егін науқанына дейін тұрақталмайтыны анық екенін айтады. Өйткені, диқандар ақпан-наурыз айларында қоймадағы қалған бидайды тіпті қымбатқа сатуы мүмкін деген болжам бар.

“Келесі күзде жаңа астық жинау науқаны басталғанға дейін бидай бағасы төмендемейді деп ойлаймын. Тіпті тағы да өсуі мүмкін. Оған басты себеп – алдағы көктемде егін егу науқаны кезінде болатын шығындардың, тұқымдық бидайды, жанармайдың, тыңайтқыштардың бағасының өсуі”, – дейді Қазақстан астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаров.

Астық одағының өкілдері егер мемлекеттік «Азық-түлік корпорациясы» ұн өндірушілерге бидайды арзандатып берсе ғана биылғы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бар дейді. Ал өткен жазда қуаңшылықтан қысылып шыққан диқандарға алдағы егін кезінде үкімет тарапынан назар аудару керек екенін айтады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button