Қазақстанда

Қоғамдық көлік жолақысы қымбаттайды

Алматы үкіметі қоғамдық көлікте жол жүрі құнын көтеру мәселесі жайлы айтты. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов брифингте мәлімдеді.

Серік Құсайыновтың айтуынша, қазір 151 қалалық маршрут бар. Олардың тең жартысына «Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі қызмет көрсетеді. Қалған бөлігі 20 жекеменшік компанияларға берілген. Құсайынов әр кездесуде тасымалдаушы компаниялардың тариф бағасын көтеру мәселесін қозғайтыны туралы қосып өтті. 

«Біз ертең тариф қымбаттайды деп айтып отырған жоқпыз. Жалпы мәселені қарастырып жатырмыз. Тарифті көтеру керек. Қазір оның құны – 80 теңге. Егер жолақысын көтеру мәселесі көтерілсе, қала тұрғындарымен бірге қарастыратын боламыз. Сұрақ маңызды әрі ауқымды болып отыр. Себебі тасымалдаушылар тариф көтеру жайлы сұрақты алдымен маған қояды. 

Сондықтан тарифті көтеру мақсат емес, қажеттілік. Бұл сұраққа келесі жылдың көктемінде қайта оралатын боламыз. Бағаны көтеру мәселесінде шешім біржақты қабылданбайды», – деді Құсайынов.

Құсайынов бүгінгі күнге дейін әкімдіктің тасымалдаушыларға төлеп отырған субсидия мен дотация жайлы сұрақтың қозғалмағанын да қосып өтті. 

«Біз бұған жылдың басында, төленіп отырған қаржының өскенін байқағанда назар аудардық. Қазір аталмыш сома жылына 40 миллиардқа жетті. Бұл елдегі ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Ешбір аймақта дотация үшін осыншалықты қаржы төлемейді. Қала мұндай сомманы төлей алмағандықтан, жолақысын көтеру сұрағы туындады», – деді әкім орынбасары.

Құсайынов келесі жылы алдын ала есеп бойынша 60-70 миллиард теңге дотация төлейтінін айтады. 

Алматыда бүгін 2 400 қоғамдық көлік бар. Олардың 515-і газбен жүретін автобус, 196-сы троллейбус, 15-і электроавтобус және 1 715-і дизель отынындағы автобустар. Биыл және келесі жылы «Алматыэлектротранс» 300 газбен жүретін автобус сатып алуды жоспарлаған. 

«Stan.kz»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button