Референдумда дауыс беретін қазақстандықтар нені білуі керек?

by Depti
0 views

5 маусымдағы республикалық референдумға әрбір қазақстандық Конституцияға ұсынылып отырған негізгі өзгерістерден хабардар болып баруы керек. Бұл – заңгер Думан Базарбектің отандастарына берер кеңесі.

ҚазАқпарат сарапшының республикалық референдумға шығарылатын заңнама өзгерістері туралы сараптамасын ұсынады. 5 маусымда елде жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл шараның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Конституцияның үштен бір бөлігі өзгеруі мүмкін. Ол үшін мұқым жұрт жұдырықтай жұмылуға тиіс. Осыған дейін Ата Заңның төрт рет өзгергенін білеміз. Бірақ бұған дейінгі өзгерістердің бәрі Парламент шешімі бойынша қабылданған еді. Енді халықтың еркіне беріліп отыр. Мұны билік пен бұқараның арасы тағы бір табан жақындай түсті деп топшылауға болатын шығар. Осы тұста, референдумға қатыспас бұрын нені ескеру керек? Жиі айтыла бермейтін қандай баптар бар? Әуелі осы жайтқа жіті назар аударған дұрыс сияқты.

– «Жалпы ережелер» деп аталатын бірінші бөлімде меншікке арналған алтыншы баптағы бір ғана тармақ өзгереді. Бұрын жердің асты-үстіндегі барлық байлық мемлекет меншігінде еді. Енді ол халық меншігіне өтеді. Ал мемлекет халық атынан оны басқару құқығына ие болады. Өзгеше айтқанда, бұл өзгеріс тек шартты сипатқа ие.

– «Адам және азамат» бөлімінде өлім жазасы терроризм мен аса ауыр қылмыстар үшін ерекше жаза екені туралы екіұшты формуланың орнына қарапайым және қысқа «өлім жазасына тыйым салынады» деген сөз келеді. Сондай-ақ, еріксіз еңбекке қандай жағдайларда жол берілетіні туралы норма да өзгереді. Егер бұрын: «Сот үкімі бойынша» деп айтылған болса, енді – «кінәлі деп тану туралы сот актісі негізінде» деп айтылатын болады. Яғни, еріксіз еңбек жазаның ықтимал опцияларының бірі болады. Құқық қорғайтын жаңа институттар құрылады Олар – Конституциялық сот (Конституциялық Кеңестің орнына) және Жоғары аудиторлық палата (Есеп палатасының орнына). Олардың функциялары бұрынғыша қалады, бірақ өкілеттіктері кеңейтіледі.

Атап айтқанда, Конституциялық сот азаматтардың өтініштерін қарайды. Ресейдің тәжірибесі мұндай конституциялық бақылау органы негізінен азаматтардың өтініштерімен жұмыс істейтінін көрсетеді. Бұл ретте Конституциялық соттың судьяларын Президент (төрт), Сенат (үш) және Мәжіліс (үш) тағайындайды. Парламенттік бөлімге енгізілген өзгерістер ең көлемді, бірақ олардың барлығы заңдарды қабылдау регламентін реттейді. Мәжіліс заң қабылдау жүйесіндегі негізгі институт болады. Олардың сапасын бақылауды қамтамасыз ететін және бұл ретте заң шығару процесін оңтайландыратын, сондай-ақ, Мәжілістің заңнамалық және бақылау функцияларын күшейтетін жаңа рәсім енгізілуде.

Ал Сенаттың өңі ұсынған реформалар пакетіне мәслихаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, олардың ел азаматтарына есептілігін күшейту жөніндегі шаралар кіреді. Бұл сенаторлардың сайлау процесіндегі бәсекелестігі туындатып, өздері өкілдік ететін өңірлер алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Мұндай тәсіл Сенатта Мәжілістегі қандай да бір партиялық фракциямен немесе партиямен мүлде байланысы жоқ депутаттардың пайда болуына жол ашуы мүмкін. Президенттің сенаторларды тағайындау квотасы 15 адамнан 10 адамға дейін азаяды. Оның ішінде бес адамның кандидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) ұсынады. Кандидатты тағайындау немесе қызметтен шығару алдында Сенаттың келісімін талап ететін лауазымдар тізбесіне Конституциялық соттың төрағасы және Жоғары сот Кеңесінің төрағасы қосылды.

Мәжіліс өңірлердің емес, Қазақстан қоғамының түрлі әлеуметтік топтарының атынан жұмыс істейді. Ол неғұрлым ықшам бола түсіп, депутаттар саны 107-ден 98 адамға дейін (ҚХА квотасы есебінен) азаяды. Осынша деаутаттың 70%-ы партиялық тізімдер негізінде аралас сайлау жүйесі бойынша, 30%-ы бір мандатты аумақтық округтер бойынша өтеді. Бұл ретте сайлаушылар мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутат жұмысына қанағаттанбаса, мандатты кері қайтарып ала алады. Осындай маңызды өзгерістердің бар екенін ескерсек, Қазақстанның ендігі болашағы сіз бен біздің таңдауымызда!

Думан Базарбеков

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com