Қазақстанда

Сарбаз өлімі: туыстары суицид жасады дегенге сенбейді

Маңғыстау облысына әскерге кетіп, 4 маусымда әскери бөлімде өлі табылған мерзімді қызметтегі сарбаз Еділ Тешебаев кеше Түркістан облысында жер қойнына тапсырылды. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз өзіне қол салған. Алайда туыстары бұған сенбей отыр. Еділ өлімі алдында бірнеше рет туыстарынан ақша сұрап, проблемаға ұрынғанын айтқан, depti КТК телеарнасы.

Еділ Тешебаевтың туған жері Сарыағаштағы үйінде жаназаға жиналған адам қарасы көп. Асылып қалған күйі табылған сарбаздың денесі 6 маусымда жеткізілген. 

«Үш адамға үш түрлі айтып отыр. Пышақтады деп бірінші айтады, артынша баласына бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп анасына екі белдікті  байлап асылып қалды дейді. Мұны подполковник айтқан» дейді, марқұмның апасы Гүлжәмилә Алтынбекова.

Туыстары марқұм білмеуі тиіс болған мағлұматтарды біліп қойғаны үшін өлтірілген деген болжамын айтып отыр. Ол үнемі барлық туысынан ақша сұраумен болыпты. Әкесі ұлы қиын жағдайға тап болып, содан кейін өлтірілген деп есептейді.

«Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мыңды салып жіберуім керек еді. Мұндай болады деп ойламадым ғой.  Демек баламнан ақша сұраған. Бермегеннен кейін ұрып өлтірген. Басқа несі бар? Асылып қалды дейді. Менің балам асылмаған. Оған көзім жетеді. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр» дейді әкесі Бақыт Алтынбеков.

Істегі түсініксіз жайттарды марқұмның достары да айтып отыр. Тоғыз ай қызметте жүрген сарбаз отбасының жағдайына байланысты өлгісі келетінін жаза бастауы ақылға қонбайды, дейді олар. Олардың пікірінше, сарбаз жазды деген соңғы хаттағы мәтін де бір ғана адамның қолымен жазылмаған.

«Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда алфавиттің арасында «ы», «і» деген әріпті жазбай тастап кетуші еді. Ал бұл жерде хатта «ы», «і» әріптер былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін мәнерлеп жазылған. Еділ олай жазбайды» дейді марқұмның досы Ерсұлтан Қанжігіт.

Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.

«Мен өзім хирургияда істегем ғой, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Көгерген із денесінен жылу кеткеннен кейін қалушы еді. Тіпті, мойны қатып қалып, қимылдамауы керек. Мұның мойны, омыртқалары айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген. Сөйткен де, өзі дарға асылды дей салған» дейді марқұмның анасы Нағима Нұрбайқызы.

Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы «Еділ жиі есінен танып қала беретін» дейді.

«Армияға келгелі ауа жетпей, есінен танып қалатын. Осы соңғы айда бір рет есінен танды, одан кейін Ақтауға госпитальға кетті» дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов.

Телеарна тілшілерінің айтуынша, қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не Қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ. 

Еске салайық, 4 маусымда Маңғыстау облысындағы шекара қызметінде мерзімді қызметтегі сарбаздың қайтыс болғаны хабарланған еді. Ол суицид жасады делінді.

Бұл жағдайға қатысты Президент те пікір білдірген.

6 маусымда Қорғаныс министрлігі өкілдері «әскердегі өлімге жол бермеу» бойынша бағдарлама әзірленіп жатқанын хабарлады. 

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button