«Шаңырақ» байқауына: «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕН ҚАЗЫНА ТАПТЫҚ» дейді ақ халатты абзал жандар

by Depti
0 views

Бүгінде жаһанға жайлап кеткен жұқпалы дерт бәрімізге де қарапайым еңбек адамдарының мәні мен маңызын ұқтырғандай болды. Әсіресе, індеттің ілмегіне іліккендерді емдеп шығаруға бар күшін салып жатқан ақ халаттылардың жөні бір бөлек. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі «Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз» деген жоқ па еді?!

Осындай Атырау теміржол ауруханасында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ел үшін еселі еңбек етіп жүр. Олар жергілікті тұрғындардың денсаулығын күзетіп, тынбай тер төгіп келеді.

Қазір аталған орталық – аймақтағы көпбейімді емдеу-диагностикалық мекемесі болып табылады. 1973 жылы негізін қалаған мекеме алғашында «Атырау станциясының бөлімшелік ауруханасы» деп аталды. «Қазақстан темір жолы» құрылған соң, 2000 жылы «Транспорттық медициналық қызмет» ұйымы болды. Ал, 2010 жылдан бері «Медициналық апаттардың теміржол госпиталі» акционерлік қоғамының филиалы ретінде «Атырау теміржол ауруханасы» халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мол материалдық база, жаңа медициналық жабдықтар мен соңғы үлгідегі технология мол мүмкіндік туғызуда. Мұнда облыс және қала жұртшылығы үшін арнайы стационарлық, амбулаториялық, ал, бүгінгідей төтенше жағдайда жоспарлы-кеңестік көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ, хирургиялық, гинекологиялық, терапевтикалық, киникалық-диагнгостикалық зертхана және физиотерапевтикалық бөлімшелер бар.

«Қазақстанға үш жасымда келдім»

Осындағы гинекология бөлімінің меңгерушісі болып жасайтын Кирилл Чендев – болгар ұлтының өкілі. Өзі Қырымда, қарапайым жұмысшылар отбасында туған. Отбасымен Қазақстанға небәрі үш жасында көшіп келіпті. Балалық шағы да сұрапыл соғыс жылдарында өткен. Ол қазақы ортада тәрбиеленіп, қаладағы Абай мектебін үздік тәмамдады. Сөйтіп, Ақтөбе медицина институтына оқуға түсіп, жас маман ретінде Атырау облыстық ауруханасына қызметке тұрады. Денсаулық сақтау ісіне дендеп араласады. Медицина саласына әбден машықтанып алған соң, облыстық перзентхананың бас дәрігері болуға шақырту алып, біраз жыл абыройлы қызмет атқарады. 

– Атырау теміржол ауруханасы алғаш ашылған кезде осында бас дәрігер болып тағайындалдым. Елбасымыздың әлеуметтік салаға деген үлкен қамқорлығы мен мемлекеттік бағдарламалар көмегімен Үкіметтен үйді де, басқасын да алдым. Қырық жыл табан аудармастан гинекология бөлімін меңгеріп, өте ұйымшыл ұжымды басқардым. Қазір аурухана түгелдей заманауи құрылғылармен жабдықталған. Отбасыма келсем, орыс ұлтынан жар сүйдім, бүгінде ұлым дәрігер-онестизиолог, қызым – экономист. Болгар жеріне сонау 1979 жылы олимпиадалық ойындар қарсаңында барғаным есімде. Сол кезде көрген  болгарлықтардың жадағай тұрмысы қазір де көп өзгерген емес. Қайта біздің Қазақстанымыз дамудың даңғыл жолымен алға нық қадам басумен келеді. Атам соғыста қаза тауып, одан өрбіген ұрпақ әлемнің түкпір-түкпірінде қоныстанып қалды. Бас қолбасшы Сталин өмірден өткен соң, бауырларымызды іздеп, үш туысымызды таптық. Мұның бәрін айтып отырғаным, Қазақстандағыдай бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін біліп, басымыздағы бақты бағалай білуіміз қажет, – дейді ол.  

Қаны – қырғыз, жаны – қазақ

Ұядай ұжымда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп жүрген жандардың бірі – өзбек ұлтының өкілі, дәрігер-хирург Мухайехон Хасанова. Ол – Қырғызстан мемлекетіндегі Ош облысының тумасы. Сондағы медициналық институтта білім алып, онколог мамандығын меңгеріп шыққан.

– Мені 2009 жылы қызмет бабымен «уақытша жұмыс атқарып келесің» деп осында жіберді. Бірақ аурухана ұжымы аз уақытта ыстық ұяма айналып, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бірлік пен береке орнаған қазақ жері жаныма жағып қоя берді. Содан туған еліме қайтуға зауқым соқпай қалды. Оның үстіне, осы жерде отау құрып, бала сүйдім емес пе?! – дейді күлімдеген келіншек ризашылық кейіппен.

Анасы ұстаз, әкесі экономист, қыздарының Қазақстан азаматтығын алғанын құптап, ақ батасын берген. Мухайехон Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына да барып, арғы ата-тегінің қонысын көріп қайтқан. Бірақ ол қазақы тыныс-тіршілікке сіңісіп кеткенін айтады. 

Жүзі белорус болғанымен, жүрегі қазақ деп соққан Сергей Романюк те аталған ұжымда электрик болып жұмыс жасайды. Бұған дейін ол түрлі еңбек жолынан өтіп, маңдай терімен абырой терді. «Мен болгар мен орыс ұлтының өкілдері құрған шаңырақта дүние есігін ашып, интренационалдық тәрбие алдым десем де болады. Әкем мен анам құрылыс саласында қызмет қылған қарапайым еңбек адамдары. Мен де оныншы сыныптан соң қаладағы телефон станциясында шеберлік шыңдап, қазір осы ауруханамызды жарықтандырып келемін» дейді Николаевич. Міне, біздің тарихты керек десеңіз, басқа ұлтқа шейін білетін боп шықты.

Астраханның қазағы

Осы ұжымда астрахандық қазақ, дәрігер-рентгенолог Гүлжан Дүйсеева да абыройлы қызмет атқарып жүрген. Ол Астрахан облысының Харабайлы ауданынан Қазақстанға қоныс аударып келген.  Астрахан мемлекеттік медицина институтының түлегі Атыраудағы ағайын-туыстарының шақыртып, қолқа салуымен 2011  жылы көшіп келеді. Сол кездегі аурухана басшысы Шәміл Мұқашевтың ағалық қамқорлығымен жас қыз ауруханадағы қарбалас сәтке дендеп еніп кетеді.

– Атырауда шаңырақ көтердім, кішкентай қызым қазақ мектебінде оқып білім алуда. Әкем зоотехник болатын, ал анам жоғары санатты ұстаз. Бала кезден солардың қазақы тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Біздің ауданды мекен еткен халықтың біразы – қазақтар болды. Сондықтан ол жерде ұлтымыздың бар болмыс-бітімі мен салт-санасы, атакүлдігіміз бен дәстүріміз қатаң сақталады. Тіпті астрахандық қазақтар жыл басы – Наурыз меркесін мұндағыдан да артық тойлайды. Өзім кәсіподақ ұйымына жетекшілік еткендіктен, ұжымның жауапкершілік жүгін жұмыла көтеретін қасиетін атап айтқым келеді. Осының арқасында ісіміз алға басып, өсіп-өркендеп келеміз. Жақында Астана қаласына барып, магниттік резонанстық томаграфия оқуын үйреніп келдім. Егер осындағы заманауи томограф құрылғысы болмаса, сол алған тәжірибемді жүзеге асыру-асырмауым екіталай еді, – дейді Гүлжан.

Бір ұжымда бас қосқан тілі басқа, тілегі бір Тайыр Ещанов Қазақстанға 2001 жылы Өзбекстан елінің Қоңырат жерінен қоныс аударған. Мұнайлы шаһарда тамырын тереңге жіберген жан өткенге өкінбейтінін айтады.

– Ростов қаласындағы құрылыс техникумында оқып келген соң,  бар білігімді осы жердің игіліне жұмсауға бет бұрдым. Балаларым қазақ топырағында өсіп-жетілді. Бүгінде біреуі шетелдік мекемеде сәулетші-дизайнер, екіншісі Астана қаласында іс-тәжірибеден өтуде. Ал кенжем осындағы қазақ-түрік лицейінен түлеп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Британия университетінде білімін шыңдауда, – дейді ол.

«Қазақпен құда болдық»

Сұхбат беріп сыр ақтарған келесі кейіпкеріміз Леля Қазбекова – орыс ұлтының өкілі, қауіпсіздік техникасының инженері. Ол қазақшаға судай, керек десеңіз, қазағыңның өзінен де асырып сөйлейді. Еркін көсілген керемет тіл көркемдігіне куә болып, қайран қалыстық. Леля Федорқызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, төрт бала сүйді. Анасы Самара, әкесі Оренбургтің тумасы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

– Мен 1978 жылы қазіргі Теңдікте орналасқан сол кездегі медициналық экспедицияда еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алған соң, теміржол ауруханасына ауыстым. Үлкен қызым Ресейде, ал қалғандары осы Атырауда тұрады. Кейінгі екі қызым қазақ жігіттерімен көңіл жарастырып, тұрмыс құрды. Ал үйдің сүткенжесі ұлым, қазақтың қызына үйленді. Қос күйеу балам, келінім, құдайындай сыйласқан құдаларым, тіпті көрші-көлемге дейін бәрі де қазақ. Ендеше, менің не орыстығым қалады, мен де қазақпын! – дейді жарқын күлкісін жасыра алмаған ана.  

Осында қызмет барысын үйлестіруші координатортатар ұлтының өкілі Муслимат Рахманкулова өзін «Доссордың татарымын» деп таныстырды. Гурьев политехникумында техник-механик мамандығын оқып, Мақаттағы локомотив депосында қызмет қылған ол облыс орталығына ауысып, түрлі мекемеде кадр бөлімін басқарады. Кейін теміржол ауруханасында тұрақтап, осында он үш жылдан бері жасап келеді.

– Бірі жүргізуші, екіншісі медбике болып адал еңбекпен табыс тапқан әке-шешем бізді қазақ жерінің сұлу табиғатын сүйіп, елдегі тыныштықтың қадірін білуге үйретті. Қазір қызым орыс азаматымен бас қосып, екі тәтті жиенімді дүниеге әкелді. Қаладағы түрлі этно-мәдени бірлестіктердің жұмысына атсалысып, ұйымдастырған шараларынан қалмауға тырысамын. Өйткені әр ұлттың өз киім-киіс, жүріс-тұрысы, әдемі салты мен айрықша дәстүрі бар. Мұны көріп, тамашалаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Елімізде тек ұйымшылдық пен береке-бірлік сән-салтанат құрсын дегім келеді, бәріміздің де тілегіміз – осы, – дейді Муслимат Рамильқызы бізбен әңгімесінде.

P.S.

Иә, сын сәтте жанын шүберекке түйіп, басын қатерге тігетін атақты футболшылар немесе танымал өнер жұлдыздары емес, олар – дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да байырғы мамандық иелері. Ал, ынтымағы жарасқан елде ырыс та, ырыздық та – бәрі бар. Әңгімемізге арқау болған кейіпкерлердің кейпінен біз осыны аңғардық.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com