Қазақстанда

Суицид – тығырықтан шығар жол емес!

Адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауына олардың өмірден түңілуі – басты себеп. Ал өмірден түңілу күйзелісі – кез келген адамның басында, әйтеуір бір болатын құбылыс. Сана иесінің терең түңіліп, осындай психологиялық жағдайға қарсы тұра алмауына не себеп?

– Өзін-өзі өлтіру ешқашан кездейсоқ әрекет болған емес. Адамның, жалпы, күйзелісі оқшауланған психологиялық қажеттіліктерден туындайды. Өз-өзіне қол жұмсау қадамына барудың себептері өте көп. Оның бастылары – махаббаттағы бақытсыздық, жақын адамының өлімі, жалғыздық, жұмыс барысында туындаған проблемалар. Кейде жазылмайтын ауруға душар болғандар мен материалдық-тұрмыстық қиындыққа ұшырағандар да өз өміріне балта шауып жатады. Тіпті кей жандарға қызмет лауазымының өзгеруі де ықпал етеді. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалардың бірі кездескен адамның барлығы бірдей өз өзіне қол жұмсамайды ғой. Неге? Себебі оның өмір сүруіне оң ықпал ететін бірнеше факторлар болады. Ол – тату-тәтті отбасы, махаббат, ата-ана қамқорлығы, дұрыс тәрбие. Жауапкершілікті сезінген адамға осындай құндылық қасиеттер кез келген проблемаларға қарсы тұруға көмектеседі.

Суицидке бой алдыратындардың басым бөлігі қай жас шамасындағы адамдар және осы проблема еліміздің қай өңірлерінде өршіп тұр?

Суицид Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өзге көптеген аймақтарда белең алып отыр. Өз-өзіне қол жұмсайтындардың көпшілігі – жастар мен орта жас шамасындағы тұлғалар. Яғни 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар осы қадамға баруға бейім тұрады. Ал суицидтен көз жұмғандарға қарағанда соған ұмтылатындардың саны он есе көп. Олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер.

Қоғамның әлсiз буыны ол – жасөспiрiмдер. Аңғал. Сенгiш. Тәжiрибесiз. Өмiрдегі кез келген тосын жағдайларды жанына жақын қабылдайды. Әлi келмеген, күшi жетпеген, ақыл таппаған, жалғыз қалған тұста өлiмге жүгiредi.

Өзіне-өзі қол жұмсау қазіргі таңда жастар арасында көп кездеседі. Ол рас. Заманның ағымына қарай қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде. Мәселен, байлық пен шайлық дегендей, ата-ананың күндіз-түні бала асырау мақсатанда тынбай еңбек етуі, тәрбиеге көңіл бөлмеуі.Соныдақтан менің айтарым, ана қызымен сыр бөлісіп, оларды өтпелі кезеңде қолдап, барлық мінезіндегі өзгерістерді ескеріп отыруы қажет. Әке болса ұлына жасына байланысты ерекшеліктер, алғашқы махаббат сияқты, көңіліне түскен қаяуларды сейілтуге зор үлес қосу керек. Бала өмірдегі ең қымбат байлық екенін естен шығармаған абзал.

Қорытындылай келе, «Адамдардың өз өміріне балта шабуына апаратын жалғыз нәрсе бар: ол – адам өмірінің мәні деген сұраққа тірелу», — депті ұлы ойшылдардың бірі. Бұдан шығар қорытынды жамандықтың бәрі өмір сүру мәнін жоғалтқанда туындамақ. Ал тағдырдың қалауы сол, адам баласына берілген өмірдің мәнін іздеп, соны түсіну.

Өмірді – Жаратушының бізге берген үлкен сыйы ретінде қабылдап, әртүрлі соқпақ жол­дар­дың қиыншылықтарына төзіп, әр қиыншылықтың өзінен бір жақсылық іздеп, өз-өзімізді өлімге қимай, керісінше тығырықтан шығатын жол іздеп, өмірдің қадірін түсіну ол біздің басты парызымыз.

Гүлнұр Асанова,

Журналистика кафедрасының 3 топ студенті.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button