Қазақстанда

Тамара Асар сәбиімен жұртты сүйсіндірді

Тамара Асар көптен ұмыт бола бастаған қазақтың ырым-тыйымы жайында айтты.

Соның ішінде жаңа туған нәрестені қырқынан шыққан соң ет жақындарының үйіне қонаққа апарудың мәнін ашып берді. Бұл туралы stan.kz жазып отыр.

“Бала қырқынан шыққасын қырық қадам“ деп қазақ бөпеге “біссмілләсін” айтып, көзмоншағын тағып, арнайы үйден шығарып, етене ең жақын туысына қонаққа апарған. Жаңадан туған нәрестені барынша алғашқылардың бірі болып шақырғандардың үйіне құт келеді, береке келеді, сәби күтіп жүргендер сәбилі болады, ұлы үйленбей, қызы тұрмыс құрмай отырғандарға жақында жақсы жаңалық болады, несібе мол болады деген наным-сеніммен ырымдап баланы үйлеріне шақыруға асығып, кейде ағайын-туыс өзара таласатын да болған.

Бөпені қонақ қылып, қонақасы беріп, анасына да, баласына да сый-сыйяпатын жасап, бұйым-қызметін сұрап, егер бұйым-қызметі болса оны орындап, алғашқы қадамына бата-тілегін аямай жаудырып, тіпті баланың сол үйге келген кезде қаншалықты аз-көп дәрет сындырғанын құрмет тұтып, құтқа балап, оны кейбір сәби күткендер ырымдап өздеріне алып қояды”, – деп жазды Тамара Асар. 

Әнші жақында тұрмыс құрып, қыз баланың анасы атанды. Қыз балаға Ажар есімді ат қойды. Қазақтың осындай жақсы ырымымен ниет етіп, жақындарының үйіне қонаққа барғанын да жасырмайды. 

“Сол баяғы бабалар жолы ма, әлде менің сағынышым ба, әуелі Алла, сосын Ата-Баба, Кәкелер, қала берді өнерімді құрметтеген көрерменімнің арқасында бөпеміздің қырқынан шыққаннан кейінгі қырық қадамын қасиетті Маңғыстауымнан қара шаңырақ әкеміздің үйінен “топ еткізіп” бастауды АЛЛА бұйыртты. Шүкір,үлкен рахмет”, – деп жазды әнші. 

“Әжем немерелерін осылай ұстап ән салып отыратын, кәзір анам да немересін осылай алып ән салып отырады, қандай күшті”, “Өте тамаша! Сіз үшін өте қуаныштымын. Балапан ғұмырлы болсын”, “Бақыт тілеймін! Әбден лайықсыз!”, деп жазды желідегі оқырмандар.

Айта кетейік, Тамара Асардың тұрмысқа шыққаны шілде айында белгілі болды. Әнші жеке өміріндегі бұл жаңалықты құпияда ұстап келген. Ал 2-ші қыркүйек күні Тамара қыз босанды. Өнер иесінің таңдауы – Жұмаш есімді кәсіпкер азаматқа түскен.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button