Қазақстанда

Телехабар дайындау және тарату

Журналистиканың қызықты да, өзіндік қиындықтары бар бір саласы – телевидение. Телехабарларды дайындау бір көрінгенде жеңіл көрінері сөзсіз, бірақ, бір тақырыптық хабардың дайындалуына бүтін бір шығармашылық ұжым еңбек ететінін бәрі біле бермейді.

Тақырыптық хабар дайындау кезінде бағдарлама редакторы, режиссер, дыбыс режиссері, операторлар, жарық беруші, монтаждаушы, монтаж режиссері, декоратор, стилист-гример сынды жауапты адамдар жұмылдырылады. Енді осы адамдардың барлығы да бір адамға «байланып» жұмыс жасайтыны тағы бар. Ол маман – журналист-жүргізуші.

Бағдарламаның сәтті шығуының 30% шығармашылық топ пен сценарийге байланысты болса, қалған 70% жүргізушіге байланысты. Өйткені көрерменге көрінетіні де жалғыз сол. Қысқасы, тақырыптық хабардың айнасы.
Тақырыптық хабар қалай дайындалады? Алдымен бас редактор мен бағдарлама редакторы, режиссер кезекті тақырыпты бекітеді. Кейін, редактор тақырыпқа қатысты ақпараттарды жинап, қажетін алып, ескірген ресми ақпараттарды, статистикалар мен көрсеткіштерді құзырлы органдарға хабарласу арқылы жаңартып алады. Осыдан кейін бағдарлама тақырыбына сай спикерлер, студия қонақтарын іздейді.

Негізгі бөлім сценарий жазу. Бағдарлама концепциясына қарай шығарылым тезистерін жасақтайды, форматын құрады. Жинақталған ақпараттан журналист-жүргізушінің айтатын сөзі, қойылатын сұрақтары қағаз бетіне түсіріледі. Бағдарлама тақырыбына сай сюжеттер мен қысқа роликтер түсірілу қажет болса, оны да арнайы бас редактордың келісімімен бекітіп дайындайды.

Түсірілімдік хабардың негізгі хронометражы (ұзақтығы) – 20 минут болса, түсірілім уақыты – 30-40минут болады. Бағдарлама таспаланғаннан кейін, негізгі материал бейнемонтаждаушының алдына түседі. Монтаждау процесіне монтаж режиссері мен бағдарлама редакторы қатысады. Осылайша, дайын өнім телекөрерменге жол тартады.

Ару ҰЗАҚОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button