Тұрсынбек Қабатовтың көмекшісі адам өліміне әкелген жол апатына себеп болғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы, NEGE. Ол Қабатовтың көлігінде келе жатып ереже бұзғандықтан, бұл істе Тұрсынбек те әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот үкімі Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтында жарияланды.
16 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Алматы аудандық соты Қасенбай Т.А.-ға қатысты үкім шығарды.
Сотта көлік жүргізу құқығынан айырылған Қасенбай Т.А.-ның мас күйде авто жүргізгені расталды. Сот отырысында Қасенбай Т.А. көлік жүргізу куәлігінен айырылып қалғанына қарамастан, мас күйде көлік жүргізгенін толықтай мойындады. Ал адам өліміне әкелгені үшін тағылған айыпты жартылай мойындады.
Прокурор мен жәбірленуші тарап айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушының кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімі бойынша, Қасенбай Т.А. 345-баптың 3-бөлімі бойынша (көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет), 346-баптың 1 бөлімі бойынша (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі), 58-баптың 2-бөлімі бойынша (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) 4 жылға бас бостандығынан және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Жәбірленушінің анасы О. мен жары А. тарапынан материалдық, моралдық зақым келтіргені үшін түскен азаматтақ өтінімдер жартылай қанағаттандырылды.
Қасенбай Т.А. жәбірленуші О.-ға 3 500 000 тенге көлемінде моралдық шығын өтеуге міндеттелді.
Сондай-ақ, Қасенбай Т. мен көлік иесі Қабатов Т. жәбірленуші А.-ға 8 миллион теңге көлемінде моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.