“Ирина Кайратовна” тобының мүшесі мен көпшілік Shiza деп танитын Асхат Жолшиев Алматыдағы концерт кезінде ұятқа қалды. Өнер иелері сахнаға Қазақстанның туын алып шығып, бейәдеп қылық көрсеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Арты дауға ұласқан концерт 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен. Онда Shiza көк туды қолына орап алып, балағат сөздерін қолданған. Ал “Ирина Кайратовна” тобының мүшесі Азамат Маркленов белгісіз себеппен күліп, оны қолдағандай қылық көрсеткен.
Халық екі әншіні қатаң сынға алды.
“Сахнадан мәңгі аластатып жіберу керек бұларды. Сосын тынышталады”, “Өзін сыйлайтын әрбір адам мұндай концерттерге бармау керек”, – деп жазды желі қолданушылары.
Сондай-ақ, өнер жұлдыздары аталған екі әншіні жазалауды талап етті.
“Киелі көк туымызды мына қасиетсіз уқалап, қол орамал қылды- ау. Аяққа таптап… Генадий Головкин ұлты өзге болса да, рингте ұлттық шапан киіп, көк туымызды желбіретіп, талай көзімізге жас келтіріп, жүрегімізді тебірентіп еді! Көк ту- мемлекеттік рәміз! Оны қорлауға жол жоқ! Мына мақұлық (аспандағы жұлдыз болса да) жауапқа тартылуы керек! Видеомен кешірім сұрағандар кешірілмесін! Заң бойынша жазалансын!” – дейді Меруерт Түсіпбаева.
Ашуға мінген Нұрлан Албан болса Shiza-ны аяусыз сынға алып, оны “хайуанға” теңеді.
“Менің миыма қан құйылайын деп отыр. Қазақтың жігіттері деп айтады. Қазақ болмай кет сен. Атсаң атып жібер! Қанша жұлдыз болсаң да, аспаннан аяғың салбырап түссе де, сен адам емес екенсің. Хайуан екенсің. Олардың айтқанын айтуға аузым бармайды. Біз бала тәрбиелеп отырып, сол баланы қайтсек қазақыландырамыз, қайтсек ұлттық рухты сіңіреміз, қайтсек солардың тәрбиесімен айналысамыз деп жатқанда, олардың көрсетіп отырған тәрбиесі, үлгісі мынау ма?” – деп ашуланды Нұрлан Албан.
Ол аталған екі әншіні жазалауды талап етті.
“Құзырлы органдардан, жоғары шенді шенеуніктерден, министрліктен мынаған тоқтау салатын адам бар ма? Мыналардың құйрығын кесіп құнтитып, құлағын кесіп, ортадан аластау керек. Тіпті, қолына микрофон бермей, сахнаға жолатпайтындай жасау керек. Мынаған не дейсіз, ағайын? Жауап беретін біреу бар ма?” – деді Албан.