Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек екенін атап көрсеткен болатын.
Тәуелсіздікке ұмтылыс жан алып, жан беретін күреспен қатар, рухани өміріне айрықша ықпал еткен ағартушылардың отарлау саясатына қарсы идеялық күресімен де ерекшеленеді. Солардың ең ірі өкілдерінің бірі, ұлтымыздың ұлықты ұстазы – Ыбырай Алтынсарин деп білеміз.
«Оқытушыны бағалағанда, олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістіктерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарап бағалау керек». (Ы.Алтынсарин)
Ы.Алтынсариннің қазақ ұлты үшін орны бөлек: қазақ педагогикасының негізін қалаушы, ұлы ағартушы, білім ісінің ұйымдастырушысы, фольклорист, ақын-жазушы, журналист. Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасын, методологиясын саралау оны басқа этнопедагогикалық жүйелермен салыстыруды қажет етеді.
Алтынсарин ел басын біріктіру, халықтың келешегі үшін екі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы; екіншісі – халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оған оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырған мұралары куә.
Педагог-ағартушы үшін қазақ ұлты қарама-қарсылықтардың ажырамас бірлігі болып көрінеді. Сондықтан, оның шығармалары «жамандық пен жақсылық», «достық пен алауыздық», «сараңдық пен жинақтылық», «тәкәппарлық пен қарапайымдылық», «өнер, білім мен надандық», «әділдік пен әділетсіздік» сияқты қарама-қарсылық негізінде, жамандыққа жақсылықты, адамгершілікті қарсы қою арқылы қазақты өзара бірлікке, татулыққа тәрбиелейді.
Ы.Алтынсарин – ұлт патриоты, тәлімгер-санаткері, халық қызметшісі болды. Ұлы даланың шартарабына саңқылдап естілген ұлттың ұранындай, келешектің тұлғасын өнер-білімге ынтызар еткен рухтың жанартауындай, таудың таза кәусарындай «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» дейтін классикалық шығармалары – ұлттық сана, тіл, мәдениет тарихындағы баға жетпес байлық еді. Ол «Бір Аллаға сыйынып», «Өнер-білім бәрі де, Оқуменен табылған», «Оқу білген адамдар, Май тамызған қылыштан…» деп, тіреу болар, сүйеу болар оқудың мәнісін ыждағаттайды, содан соң, «өнер-білім бар жұрттардың» өнегесінен үйренейік, «Біз де бекер жатпалық!» бәйгеге түсіп, бақ сынайық, қатардан, саптан қалмайық, сол үшін сендерге батамды бердім дейді. Қазағын сүйген, халқының ұлылығына бас иген дала данагөйінің ұлы тілегі мен арманы осы болатын.
Ыбырай Алтынсарин туралы толғамды ой айтып, көлемді зерттеу жүргізген, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов салмақты сөзін төмендегідей бағытта сабақтайды: «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақта үш мұнара бар, олар: Абай, Шоқан, Ыбырай» деп айтыпты. Ыбырай – өз заманының көрнекті тұлғасы болған. 1888 жылы 75 күннің ішінде алты мектеп ашқан. Бұл – енді ғажап нәрсе. Сонымен қоса, физика, химия пәндерін енгізіп, оны оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Ыбырай оқытушылықты бәрінен жоғары қойған. Мәселен, оның «Үкімет бұйрықтары да, инспектор бақылаулары да және хрестоматия оқулықтары да оқытушының тұлғасын ауыстыра алмайды», – деген сөзі қазір де өзектілігін жоғалтқан емес. Ұстаздың әрбір ісінен, қызметінен оның ұлт патриоты болғандығын көреміз. Сондықтан, қазіргі дербес заманда айтулы тұлғаның 180 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуіміз қажет».
Алғашқы «Қазақ» газетін ашқан, оны қолымен жазып, 1880 жылы жобасын дайындаған Ыбырай Алтынсарин екенін қазіргі кезде біреу білсе, біреу білмейді. «Өнерлі өрге жүзеді» дейтін ел қағидасын ұстанып, руханият шырақшысы 1880 жылдың қаңтарында «Қазақ» газетінің 4 бөлімнен тұратын 1-ші нөмірін шығарды. Жалғастыруға отаршылдық саясат мұрша бермеді.
Ойшыл ұстаздың тізбек-тізбек жөңкілген замана көшінде көнермейтін, ескірмейтін ұлы, қуатты идеялары елдің, мемлекеттің, халықтың көркеюіне мәңгілік мағына дарытары сөзсіз. Олар: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды».
Ұстаздың аудиториямен байланысы хақында мынадай тұжырымды пайымдаулар өрбітеді: «оқушылардан оқығандарын қайталап сұрап отыру қажет», «балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, әрбір нәрсені да ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіру керек, мәнерлі сөз қажет, орынсыз терминдерді қолданбау керек» («Ақтөбе екі кластық мектебінің меңгерушісіне нұсқау хат»).
Ыбырай Алтынсариннің мұғалімдерге арнап жазған көптеген хаттары, оның мұғалімдердің тілегі мен мұқтажына ерекше қамқорлық жасап, көңіл бөлетіндігін байқатады.
Халық училищелерінің инспекторы болып тұрғанда ол өзін мұғалімдердің ағасы, досы деп санап, оларды жұмысқа шебер жұмылдыра білді. «Менің айтқанымды емес», – деп жазады Алтынсарин, – атақты философ-педагог Коменскийдің айтқанын істеңдер, кімде-кім өзінде барына қанағат ете білсе, өзіне –өзі «Біз өзіміздің адал еңбегімізбен өмір сүріп отырмыз деп айта алса, сол нағыз бақытты адам».
«Мұғалім балалармен істес болады, егер олар бір нәрсені түсінбесе, мұғалім шәкірттерді кінәламай, олардың көкейіне қондыра алмағаны үшін өзін-өзі кінәлауға тиіс. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлесуге тиіс: әрбір затты ықыласымен, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан қарапайым тілмен түсіндіру керек».
Мұғалімге ерекше мән бере отырып, Ы.Алтынсарин олардың методикалық дайындығын арттыруға ұмтылды. Әсіресе, жас мұғалімдерге көбірек көңіл бөлді. Әрбір жас мұғалім оқу пәндерін оқыту жөнінде ауызша да, жазбаша да кеңес алып тұрды. Ол педагогикалық әліппеден бастап, асықпай біртіндеп оқытуға, қарапайым айқын түсіндіруге, өткенді қайталап отыруға, көрнекі құралдарды пайдалануға үйреткеннен кейін барып, жеке пәндерді оқыту тәсілдеріне көшуге шақырды.
Ыбырай Алтынсарин оқытушылар дайындауға да зор көңіл бөлді. Талмай ізденудің және оқытушылар мектебінің қажеттігін дәлелдеудің нәтижесінде ол Орскіден мұғалімдер мектебін ашуға мүмкіндік алды. Ы.Алтынсарин қазақ даласынан бірнеше мектептер ашумен қатар, ауылдық мектепті бітірген кейбір жастардың жоғары оқу орындарына түсіп, білімдерін жетілдіруіне де жағдай жасады.
Мұғалім проблемасына, оның жеке қасиеттеріне Ыбырай, әсіресе Торғай облысында инспектор болған жылдарында (1879-1889 ж.ж.) ерекше көңіл бөлген еді. Ол мұғалімдердің оқыту тәсілдерін жетілдіріп отыруын, олардың педагогикалық және оқытушылық тәсілдерді меңгеру қажеттігін баса айтқан болатын. Алтынсарин мұғалімдердің алдына төмендегідей мндеттер қойды: нағыз мұғалім болу үшін балалардың өзіндік ерекшеліктерімен мықты санасу керек, ол үшін педагогикалық әдебиттерді үнемі оқып, қадағалап отырмаса болмайды. Ыбырай мұғалімге аса сезімтал, бала жанын жазбай танитын адам болу қажет екенін айта келіп, оқу-тәрбие саласында ізденбейтін мұғалімдер туралы былай деп көрсетеді: «мұндайлар оқушыларды адастырады, содан кейін қойылған сұраққа оқушылардың жауап бере білмегеніне ренжіп, өздері де ашулана бастайды, тіпті оқушыларға өшігуге дейін барады. Осыдан кейін, оқушыларды бұрынғыдан да адастырады, мүлде шатастырып, оларды ешбір жауап бере алмайтын халге жеткізеді», ал сабақ беруге нашар мұғалімдерді «баламен түсінуге шорқақ, дарыны жоқ адам» деп сипаттайды.
«Тәлім-тәрбие, оқыту ісінің нәтижесі шәкірттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді. Күнәнің ең үлкені – бала жанының нәзік қылдарын дұрыс сезе алмайтындарда. Оқушылардың түсінбеушілігін өз күнәсі деп білмей, оқушылардың зер салмайтындығынан немесе топастығынан деп білетін мұндай оқытушылардың қатты адасатындығы айтпай-ақ түсінікті», – деген қорытындыға келеді Ыбырай Алтынсарин.
Ұлт ағартушысының тәрбиеші – ұстаздардың жеке басы туралы айтқан пікірлерінің негізгі арқауы: педагогикалық іс – өте нәзік, қасиетті іс. Ол өте сезімталдықты, балаға деген өлшеусіз сүйіспеншілікті, бала жанын бірден танитын қырағылықты қажет етеді. Шәкірттерді сүйе білген оқытушы ғана қатаң талапты, өнегелі, беделді тәрбиеші бола алады. Ыбырай Алтынсариннің мұғалім жөнінде білдірген осы пікірлерінің өзі-ақ, оның академик Төлеген Тәжібаев атап көрсеткеніндей, «Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері», – деп атауға толық болатындығын нақты дәлелдейді.
Педагог-энтузиаст ретінде ол мектептегі оқыту процесін ұйымдастыруды өте дұрыс түсінді:
- Мұғалімнің ең бірінші роліне мән беру қажет;
- Оқу-материалдық база шешуші маңызды;
- Оқулықтарды қазақ мектептеріне пайдалану үшін жарамдылығы жағынан ұқыпты тексеріп отыру қажет;
Ы.Алтынсарин мұғалімдерге методикалық әдебиеттер мен педагогикалық журналдарды міндетті түрде пайдалану керектігін ескертті. Торғай облысы мектептерінің мұғалімдері үшін «Семья и школа», «Народная школа» деген журналдарды жаздырып алатын. Мекеп кітапханасына Бобровскийдің «Педагогика», Коменскийдің «Великая дидактика», Бунаковтың «Родной язык», Корфтың «Наш друг», Реклюдің «Время, суша и океан», Советовтың «Земледелие и скотоводство» сияқты кітаптары алынатын. Оқу жабдықтары мен мектеп кітапханасының әдеби кітаптары үшін әрбір мектепке 600 сомнан бөлуге мүмкіндік алды. Ол кезде мұндай ақша өте көп қаржы болып есептелді. Мектеп түгелге дерлік көрнекі құралдар комплектісімен жабдықталды.
Алтынсариннің пікірінше, педагогикалық жұмыстағы ең шешуші нәрсе: мұғалімнің ең жақсы оқыту әдістерін таба білуінде, балалармен дұрыс сөйлесе білуінде. Үлгілі жолға қойылған, дұрыс тәртібі бар жаңа типті мектеп оқушыларды қызықтырып, оларды мәдениетке, жұмысқа, ой еңбегіне үйретуге тиіс деп есептеді.
Оқу методтары мен балаларды оқыту тәсілдерін Ы.Алтынсарин мұғалімдерге ауқымды тәрбиелік мағынада түсіндіреді:
- Оқыту методтары – балалардың жүре келе мектепке, сабаққа, кейіннен ғылымға, өз бетімен білім алуға ынталандыратын жол;
- Сабақта балалардың ойлау қабілетін арттыратын жаттығулар қажет, мысалы, әңгіме, түсіндіру арқылы оқыту методы. Бұл көрнекілік заттарды және өмір фактілерін пайдалануға көмегін тигізеді: заттар мен құбылыстарды суреттеу, олардың қасиеттерін салыстыру, әр түрлі қорытындылар жасау. Сондықтан да, балаларда дұрыс ойлау қабілеті қалыптаса бастайды.
«Арифметиканы оқыту кезінде, – деп көрсетеді Алынсарин, – балалық өмірден және маңайдағы тұрмыстан алып, адғаш жай, аса күрделі емес, кейін күрделірек есептер беріп, оқушылардың ақыл-ойына әсер етуге тырысамыз.
Біз Грубе немесе Евтушевсийдің арифметиканы теория негізінде басымырақ оқытуын қалдамаймыз, бұл істі оқушылардың табыстарына, қабілеттеріне, түсінігіне қарап жүргіземіз».
Ыбырай Алтынсарин туралы Кеңес тұсындағы педагогикалық әдебиетте оны ислам дініне қарсы, атеист деген пікірлер айтылып қалып жүрді. Ол атеистік идеологияның салдарынан да болар. Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында: «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып қоямын», – деп жазған.
Ыбырай Алтынсарин указной татар молдаларының дінді озбыр, фанатизм, догмаға айналдыруына, діни мектептерде зайырлы пәндерді оқытуға қарсылығын үнемі сынаған. Бұл мұсылман дініне қарсылық, христиан дінін тіпті де қолдау емес еді. Ол дүниені жаратушы құдай деп білген.
«Жаратқан неше алуан жұртты бір құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын», – дейді бір өсиет өлеңінде. «Жаз» атты өлеңінде «құдайға шүкір етер жас пен кәрі, Бердің деп жанға рахат мұндай дәрі», – деген.
Ақиқатына жүгінсек, оқымысты-педагог Ыбырай Алтынсариннің 1884-жылы Қазан университетінің баспаханасында басылған басылған «Шариат-ул-Ислам» («Мұсылманшылықтың тұтқасы») дейтін еңбегі, өзі айтқандай, қазақ жұртына бағыштап, қазақ тілінде білімдарлықпен жазған діни һәм ғылыми шығарма. Алдымен діни заң ғылымдарының ең жоғарғы шыңына шыққан ғұламалардың (мужтаридин), сонымен қатар өз заманының ғылыми құндылықтарын мұқият түсініп қабылдаған, ұстаздық еңбегінде шеберлікпен ұғындырған, толық пайдаланған. Осылайша, ғасырлық ой-тәжірибелерді болмысына, рухына сіңіре отырып, «Әмин! Құдая қабыл ет!» деп, «Жер үстіндегі мүліктердің», «Көк үстіндегі періштелердің иесі», «Артықшылықтардың иесі» Жаратқан иенің құдыретін, Құранның ұлы идеяларын, жаратылыстың жұмбағын, ғаламның ғаламат үйлесіммен ойластырылғанын келісті баяндаған. Алланың әмір-құдіретімен пайғамбарымыз «адамзатқа түзу жолды үйретіп, шын Құдайын танытып, шын діннің һәм дүниенің ғылымдарын көрсетіп беріп еді»,- деп жазады Ыбырай Алтынсарин.
Шындығында, «Шариат-ул-Ислам» атты оқулығы мектептерде дін сабағының мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балалары үшін арнайы жазылған болатын. Бұл кітап балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты. Ы.Алтынсарин патша әкімдерінің отарлау, қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына барынша қарсылық білдіріп, ұлттық және діни наным-сенім тәрбиесінің де іргетасын қалаған болатын.
Айтар ойымызды жинақтағанда, Ыбырай Алтынсарин бізге, халыққа, өскелең ұрпаққа несімен жақын және несімен қымбат деген сұрақтарға жауап берсек, мақаламыз өз деңгейіне шыққандай болады:
біріншіден, ол өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы, озық ойлы адамы, өз халқын өнер-білімге үндеген ағартушы-демократ;
екіншіден, қазақ балаларына арнап мектеп ашқан, оларды оқытып, тәрбиелеп, көкірегін оятқан, өнер-білімге үйреткен дарынды да тамаша педагог болды;
үшіншіден, өзі ашқан мектептер мен онда оқитын балаларға арнап, оқу құралдар мен методикалық нұсқаулар жазды. Қазақ тарихында тұңғыш рет нағыз педагогикалық ой-пікірдің негізін салды;
төртіншіден, өзінің оқу кітаптарына арнап, танымдық, тәрбиелік мәні зор өлеңдер мен әңгімелер жазып, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің алғашқы нұсқаларын жасады;
бесіншіден, Ыбырай Алтынсарин – ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданып, ғылыми еңбектер жазған, танымдық, тағылымдық ой-пікірлер айтқан ғибрат алар ғалым.
Айдар Рамазанұлы Сабыров,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің доценті,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері