САРАПТАМА

ҚАЗАҚСТАНДА ТЕХНИКА ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазақстанда техника қымбаттауы мүмкін. Атап айтқанда, телефондар, компьютерлер, планшеттер және аудио мен видео ойнайтын барлық құрал. Мұның себебі – құрылғыларға көшірілетін контентке авторлық құқық үшін төлем енгізу. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Телефондар, компьютерлер мен теледидарлар 4%-ға қымбаттауы мүмкін. Авторлық алым енгізілсе, кәсіпкерлерге техниканы импорттау және өндіру үшін ақша төлеуге тура келеді. Өз кезегінде бұл техниканың қымбаттауына әкеледі.

Былтыр қыркүйекте үкімет фонограмма шығарушылар мен авторларға кедендік құнның 0,7% мөлшерінде сыйақының ең төменгі ставкаларын енгізу туралы қаулы шығарды.

«Телефон немесе компьютер құны, шамамен айтқанда, жүз мың теңге болса, тиісінше, ол 100 мың 400 теңге тұрады. Ел көлемінде бұл өте үлкен сома. Әңгіме 5-6 млрд теңге сомасы туралы болып отыр. Оның үстіне бұл қаражат жеке компаниялардың қолында болады», – деді «КАТЭКС» қауымдастығының төрағасы Сергей Архипкин.

Тәуелсіз аудиторлар халық арасында сауалнама жүргізді. Техниканы пайдаланушылардың 84%-ы видео немесе аудионы құрылғыларға көшірмейді, керісінше интернеттен қарайды екен. Қалғандары контентті көшірсе де, оны анда-санда жасайды. Егер авторлық алым енгізілсе, онда 2023 жылға қарай құрылғылардың импорты 2%-ға дейін төмендейді. Ал қазақстандықтар арзан гаджеттерге басымдық беретін болады, дейді сарапшылар.

«Егер біздің қолымызда нақты туындыларды пайдалану туралы есеп болмаса, нақты авторлар мен орындаушылар туралы ақпарат болмаса, онда алым кәсіпкерлер мен халыққа салынатын салыққа айналады», – деді авторлық құқық бойынша сарапшы Темірлан Төлегенов.

Өзгерістердің бастамашысы – әділет министрлігі. Онда бұл тәжірибе әлемнің көптеген елінде қолданылатынын және Қазақстанда ең төменгі пайыз екенін атап өтті. Алым тұтынушылар үшін бағаға әсер етпейді, деп уәде етті ведомствода.

«Мысалы, егер смартфонның құны 100 мың теңге болса, онда импорттаушы немесе дайындаушы авторларға 700 теңге төлеуге міндетті. Заңнамада бұл төлемнің тұтынушыларға берілуі қарастырылмаған», – деді әділет министрлігі департаментінің директоры Мейіржан Төлепов.

Кәсіпкерлер авторлық алымды енгізудің күшін жояды және депутаттар заңнаманы қайта қарайды деп үміттенеді. Алайда, әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығын сақтау ДСҰ-ға мүше болудың басты шарты екенін атап өтті. Импорттаушылармен келісімшарттар жасалды. Өтемақы төлеуді наурыз айында бастау жоспарлануда.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button