Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирусқа қарсы әртүрлі вакцинаны араластыруға бола ма деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, вакцинаны әртүрлі корпорациялар шығарады, олардың әрқайсы өз технологиясын ұстанады. Тиісінше, бір препараттың құрылымы екіншісіне ұқсас емес. Сонымен қатар, вакцинациядан кейін пайда болатын антиденелер де әртүрлі болады.
«Егер сіз бір корпорацияның вакцинасын алсаңыз, онда басқа вакцинаны салдыруға болмайды. Себебі әр вакцинаның құрамы әртүрлі. Сондықтан вакцинациядан кейін пайда болатын антиденелер де әртүрлі болады. Егер сіз бір вакцинаның екі дозасын алсаңыз, онда дене антиденелерді бірден таниды. Тиісінше, вакцинацияның тиімділігі артады. Pfizer, CoronaVac, Moderna және басқалардың құрылымы әртүрлі. Сондықтан бір вакцинаны екіншісімен араластыруға болмайтынын ескеру керек», – деді Бекшин.
Бұған дейін белгілі профессор Алмаз Шарман әлемде әртүрлі вакцинаны араластыру тәжірибесі танылып келе жатқанын айтқан болатын. Оның айтуынша, иммундық қорғанысты күшейту үшін екі түрлі вакцинаның компоненттерін араластыру ұсынылады. Иммунологиядағы бұл құбылыс Mix & Match деп аталады. Осылайша иммундық жүйе коронавирусты жақсы таниды және антиденелер мен жад жасушаларын шығару арқылы оларға тиімді жауап береді деп саналады.
Айта кетейік, бұл әдісті Германия канцлері Ангела Меркель қолданған. AstraZeneca вакцинасының бірінші дозасынан кейін ол Moderna вакцинасының екінші дозасын салдырған.