Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты карантиндік режимді жеңілдету бойынша бірқатар шешімдер мақұлданды.
- 28 тамыздан бастап қызметке рұқсат етілді:
— «ASHYQ» жобасына қатысатын барлық бизнес объектісіне демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары — «ASHYQ» қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін (вакцинацияланғандар, теріс нәтижесі бар тестінің ПТР кемінде 7 күн болуы керек);
— сенбі күні — қоғамдық көлікке.
2. 30 тамыздан бастап жұмыс күндері:
— «ASHYQ» жобасына қатысатын барлық бизнес объектісіне жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, «ASHYQ» жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шараларды жеңілдетуді демалыс күндері 4 қыркүйектен бастап, жұмыс күндері 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, ВАК-та жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары тамыз айының соңына дейін:
— медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакцинациялауды аяқтау;
— санитарлық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету;
— педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында «ASHYQ» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету;
— білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;
— мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау бойынша тапсырмалар берді.