Қазақстандық журналистер Өзбекстан еліне сапар жасады

by Depti
1 views

 Журналистердің танымын кеңейтіп бауырлас елдердің арасындағы алтын көпір қылу, екі елдің өзара туризмын дамыту мақсатында «Түркітілдес журналистер қоры» делегация болып шет мемлекеттерге шығып тұрады.

Шілде айында қор басшысы Нәзия Жоямергенқызының бастамасымен және Өзбекстан спорт және туризм министрлігінің қолдауымен қазақстандық 15 журналист Ташкент-Самарқан-Бұқара қалаларына пресс-тур жасап қайтты. Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы, Түркістан облыстары және Шымкент пен Алматы қалаларынан келген тілшілерден құралған делегацияның құрамында осы жолдардың авторы да болды.

Екі күн аралығында табанымыз тиген жерлерден өз нұсқам бойынша Ташкенттегі топ-10 туристік нысанның тізімін жасадым:

Ташкент метрополитені

 1977 жылы Орталық Азиядағы алғашқы метро болып қолданысқа енігзілген. Ұзындығы бойынша ТМД елдерінде Мәскеу, Петербор, Киев қалаларының метроларынан кейінгі 4-ші орында. Қазіргі таңда 4 желісі, 43 бекеті бар. Ерекшелігі, аса төменде орналаспаған. Сондықтан ғаламтор желісі жақсы ұстайды. Таңғы 05:00-тен түнгі 12:00-ге дейін қызмет көрсететін метромен пандемияға дейін күніне 320 000 жолаушы жүретін болған. Біз «Чорсу» бекетінен мініп «Космонавттар» бекетінен түстік. Әр бекет өзінің атауына сай ерекше дизайнмен жасақталған. 

Бунедкор стадионы   

2012 жылы ашылған Өзбекстандағы ең жаңа аренаның жанкүйерлер сыйымдылығы – 34 000. Бұл жерде «Бундедкор» футбол клубы мен Өзбекстан ұлттық құрама командасы ойындарын өткізеді. Стадион аумағында арбадағы мүгедектер арналған орындар, кафе-барлар, Фаст фуд  және фитнес-клубтары бар. Қонақтар үшін қызықты болып табылатын «Өзбек футболы тарихының музейінде» ғасырдан астам тарихы бар өзбек футболына қатысты жәдігерлер мен «Бунедкор» футбол клубының жетістіктері көрсетілген. Көгал мен алаң көлемі заманауи талаптарға сай екенін көзбен көріп, қолмен ұстап қайттық.

Минор мешіті

 Анхор каналының жағасында орналасқан мешіт 2014 жылы Құрбан айт мерекесі қарсаңында ашылған. Дәстүрлі шығыс және өзбек стилінде салынған Алла үйнің екі минареті және бір аспан түстес күмбезі бар. Бір мезетте 2400 адам мінәжат ете алады. Меккеге бағытты айқындап тұратын михрабында Құран сүрелерімен қатар хадистер де жазылған. Мешіт ақ мәрмәр тастан салынғандықтын жергілікті жұрт «ақ мешіт» деп атап кеткен.

«Ерлік» монументі

1976 жылы Ташкенттегі алапат зілзаланың 10 жылдығыны орай орнатылған. Рессми деректерде бұл апаттан 8 адам көз жұмды десе, бейресми деректер бойынша 15 000-ға дейін адам мерт болған деседі. Ескерткіш кешенінде куб жер түрінде бейнеленіп қақ айырылып жатыр. Оның бір жағында 1966 жылдың 26 сәуірі деп жер сілкінісі болған күн, келесі жағында 5:23-те тұрып қалған сағат тілі көрсетілген.Қара граниттан жасалған кубтың жарылуы әйел баланы бауырына басып, ал еркек екеуін қорғап тұрған қола композицияға бағыт алады. Қаланы сол кезде Одақ болып қалпына келтірген.

«Magic city» қалашығы

«Magic city» отбасылық көңіл көтеру саябағы Әлішер Науаи атындағы Ұлттық саябақтың орнында ашылған. Қалашықтағы көшелер әлемдегі танымал астаналардың даңғылдарына ұқсатып жасақталған. Алып музыкалық субұрқақ, бавариялық Нойшванштайн қамалының  үлгісіндегі қамал, Регистан алаңы және Римдегі Колизей секілді амфитеатрлар саябақтың шырайын келтіріп тұр. Болашақта 21 га жер көлемін алатын аумақтың ішінде жасанды көл, Өзбекстандағы ең бірінші океанариум, лазерлі кинотеатр, ел бойынша ең үлкен айналмалы дөңгелек ашылмақ.

Төле би мазары

Ташкентке табан тіреген әр қазақ төбе биіміз болған Төле бидің жатқан жеріне соғып кетуді мұрат ететіні анық. Өзіміз де бабамыздың мазарына бару жолын сұрастырып жүрген қазақтарды көрдік. Өзбектер «Қарлығаш әулие» атап кеткен Төле би өзінің қалауы бойынша түсіне кіріп аян берген рухани ұстазы Шейх Хаунд Тахурдың жанына жерленген. Құлпытасының бір жағында Пайғамбардың хадисі мен Құранның сүресі,  екінші жағында  «Тәңір қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген жазба бар.

Тәуелсіздік алаңы

Мерейлі концерттер мен әскери шерулер өтетін Өзбекстан астанасының ең басты алаңы. Алаңға «Ізгілік» деп аталатын доға арқылы өтесіз. Алаң аумағында Министрлер Кабинеті мен Сенат ғимараттары, «Тәуелсіздік» пен «Бақытты ана» ескерткіші және Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға арналған мемориал бар. Қаланың ең әдемі субарқақтары орналасқан бұл жер ташкенттіктердің сүйікті демалыс орны.

«Чорсу» базары

Қаланың ескі бөлігінде орналасқан Орта Азиядағы ең ірі базарлардың бірі. «Чорсу» базары Орта ғасырларда Ұлы Жбек жолының бойындағы маңызды нысан болған. 300-340 метр диаметрлі үлкен көк күмбезі қаланың архитектурасына ерекше сән қосып тұрғандай. Сауда жасауға ниетті адам үшін базарда жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақтар, шығыс тәттілерінен таңдау көп. Киімдер мен шаруашылық тауарлары бөлек павильондарда сатылады. 

Хазірет Имам діни кешені

Хаст Имам кешені деп те аталады. Мешіттер ансамблі ақын, қолөнерші, ғалым, Ташкентте ислам дінін таратушы Хазірет Имамның моласы жанында салынған. Қабырғалары жарқыраған мозаикалық өрнектермен безендірілген және шығыс күмбездері бар. Келушілер әсем ғимараттардан бөлек шығыс жазбаларының кітапханасы мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жанындағы басты төрт сахабаларының бірі Осман халифтың Құранын тамашалай алады. Одан кейінгі қызықты экспонат – сіріңкенің қорабындай ғана Құран. 

«Наурыз» этнографиялық саябағы

Көлемі 2,5 га жерді алатын этнографиялық бақта Өзбекстанның облыстары мен Қарақалпақстан автономиясының өзіндік ерекшеліктері, мәдениеті мен ұллтық дәстүрлері бейнеленген көне стильдегі үйлер тұрғызылған. Қалашықтың қақ ортасында Наурыз мейрамын тойлауға арналған амфитеатр бар. Ал саябақты бойлай аққан каналда ұзындығы 88 метр болатын көпір орналасқан.

 Мен барған Ташкент осындай болды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған бауырлас әрі көрші мемлекеттің тыныс тіршілігімен танысу сізге де бұйырта қалса жоғарыда жазылған жерлер жадыңызда жүрсін.

А.Есжан

Атырау-Ташкент-Атырау

Суреттер:  Талғат Мұратбаев және ашық дереккөзден

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com