Орталық референдум комиссиясында халықаралық байқаушылармен кездесулер өтті.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ-ның Референдумды бағалау жөніндегі ДИАҚБ Миссиясының басшысы Тамаш Месеричпен кездесті.
Кездесуге Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, хатшысы Мұхтар Тілдабекұлы, комиссия мүшелері Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов, сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының мүшелері қатысты.
Нұрлан Әбдіров жуырда Нұр-Сұлтан қаласына келген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Референдумды бағалау жөніндегі миссиясының мүшелеріне ілтипат білдіріп, миссия мүшелерін референдумға дайындық пен оны өткізудің негізгі кезеңдерімен қысқаша таныстырды.
Миссия басшысы Тамаш Месерич мырза қазақстандық тарапқа қабылдау үшін алғысын білдіріп, Миссия мүшелерін таныстырды.
Тараптар референдумды байқаудың бүкіл кезеңі ішінде белсенді өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты.
Күннің екінші жартысында онлайн-форматта Орталық референдум комиссиясы мүшелерінің ТМД ПАА байқаушылар тобымен кездесуі өтті.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы ТМД ПАА байқаушыларын референдум жөніндегі ағымдағы науқанның негізгі кезеңдерімен таныстырды.
Өз кезегінде, Бас хатшы – ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығының басшысы Дмитрий Кобицкий Орталық референдум комиссиясына кездесуді ұйымдастырғаны және өткізгені үшін алғысын білдірді. ТМД ПАА өкілдері берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, республикалық референдумға дайындық пен оны өткізуге қатысты түрлі сұрақтар қойды.
Кездесу соңында тараптар референдумды ұйымдастыру мен өткізу және оны байқау жөніндегі жұмыста өзара табыс тіледі.