Отандық журналист Ришат Асқарбекұлы Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер үшін халықтан қолдау сұрауда.
Ақпарат өкілі әртістердің қиын жағдайда қалып қойғанын айтып, өз жанайқайын жеткізген. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистің сөзінше, Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтерге өздері қызмет ететін филармония басшылығы жұмыстан шығып, киелі сахнаны босатуды талап еткен. Ришат Асқарбекұлы өз жазбасында жұлдызды жұптың айтқан сөздерін келтірген. “Құрметті, халайық армысыздар! Біздер Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясында 45 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Еңбегіміз еленіп мемелекеттік марапат та алдық. Енді облыстық мәдениет басқармасымен филармония басшылары бізді жұмыстан шығып, “киелі сахнаны босатыңдар” деген талап қойып отыр. Сіздердің пікірлеріңіз қажет болып тұр. Нұрғали ағамыз, Бибігүл апайымыз, басқа да сахна саңлақтары әлі күнге дейін өз ұжымдарында жұмыс жасап өнерлерін паш етіп жүр. Филармониямызда бар жоғы төрт бес республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткерлері бармыз. Бәрімізді зейнеткер деп сахнадан қуып шығу әділдік пе?
Кейінгі өнерлі жастарға бетке ұстар облысымыздың мақтан тұтар өнер тарландары деп үлгі етудің орнына сахнадан кетіңдер дегені қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар? Бәріміздің кәсіби деңгейіміз жоғары. Фонограмма дегенді қолданбаймыз. Сағаттап ән салып күй тартуға бармыз халық үшін. Пікірлеріңізді күтеміз”, – деген Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер өз үндеулерінде. Ақпарат өкілі мұндай деңгейдегі әртістерді сахнадан кетіруді қиянат деп есептейді. “Кезінде Алматыны қиып, Талдықорғанға барды. Еңбек етті. Зейнетке шығыңдар деп қуатындай еңкейіп тұрған жоқ. Үлкен ұжымға бас-көз боп жүре берсе, не бопты?! Мұндай адамдарды сахнадан кетіру қиянат”, – деп жазды Ришат Асқарбекұлы.