Солтүстік Қазақстан облысында Челябі – Новосибирск тас жолында әйнегі сынған және бірнеше жерінен оқ тиіп зақымданған нөмірсіз көлік табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желілерде тарап кеткен.
Оқиғаға қатысты полицейлер түсініктеме берді.
“18 желтоқсанда сағат 11:00 шамасында Чистое ауылының маңында “Челябинск – Новосибирск” автожолының 635 шақырымында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, зақымдалған “Hyundai Accent” автокөлігі (жүргізуші жағындағы есікте екі бытыра белгісі) табылды. Аталған дерек бойынша зардап шеккендер жоқ. Автокөлік ҚР БҒМ СҚО білім саласындағы бақылау департаментіне тіркелгені, оған Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны бекітілгені анықталды”, – деді өңірдің полиция департаменті.
Петропавлдық азаматтың өзі болса, 17 желтоқсан сағат 22:00 шамасында қозғалыс кезінде автокөлік сынып қалып, мемлекеттік нөмірді алып тастап, оны жол жиегіне тастап, есікті жауып кетіп қалғанын айтқан.
Тәртіп сақшылары бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Тиісті дерек “Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру” бабы аясында тіркеліп, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған адамдарды анықтау жөнінде жедел іздестіру шараларын жүргізуде.