Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 96 ата-ананы анықтады. Олардың бәрі ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атырау қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында 54 іс-құжат жинақтады.
Мәселен, 1981 жылғы әйел 15 жасар ұлының 20 күнге жуық тұрғылықты мекенжайындағы үйіне қонбай, қаңғыбастыққа салынғанына шағымданды. Аталған азаматшаның шағымының негізінде тәртіп сақшылары жасөспірімнің сабаққа 10 күннен аса қатыспағанын анықтады. Полиция қызметкерлері мен сынып жетекшісі, мектеп психологы жасөспірімге түсіндіру жұмысын жүргізсе де, оның үйге қонбау дерегі бірнеше рет қайталанды.
«Ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жасөспірімді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырып, оған қатысты жинақталған іс-құжаттар Ақтау қаласындағы девианттық мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастыру туралы ұсыныспен Атырау қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданды. Комиссия отырысында полицейлердің ұсынысы қанағаттандырылып, 15 жасар жасөспірімді Ақтау қаласындағы девианттық мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастыру үшін қаулы шығарды»,-деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.