АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ИНДЕР АУДАНЫНДА БОЛДЫ

by Depti
1 views

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Индер ауданына барып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің сапары «Көктем» мөлтек ауданындағы 80 пәтерлік көпқабатты үйдің кілтін тұрғындарға табыстаудан басталды.

Одан соң өңір басшысы аудан әкімі Салауат Өтеғұловтың таныстыруымен төбе жабыны мен қасбеттері жаңартудан өткізіліп жатқан көпқатарлы тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде. Оған қоса, биыл 6 көп пәтерлі үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған.

Аймақ басшысы аталған көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, жағдайын білді. Мекенжай тұрғыны, зейнеткер Темірхан Бекежанов бұрын жауынды күндері үйдің төбесінен су кететінін, төбе жабындысы ауыстырылғаннан кейін дұрысталғанын айтты. Сонымен қатар, қыс мезгілінде суық болатын, енді жөндеуден соң бәрі қалыпқа келетініне сенімін білдірді.

Сапар барысында аймақ басшысы аудан орталығында өткен жылы күрделі жөндеуден өткен орталық аллеяның қазіргі жағдайын көзімен көрді. Аумағы 7 279 шаршы метр демалыс аймағында келушілерге бар жағдай жасалған. Биіктігі 2 метрге дейін екі субұрқақ,  шахмат үстелдері, «Жанұя құндылығы», «Таскешу», домбыра композициялары, А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған шағын сәулет формалары,   Индердің тауларын бейнелейтін аркалар аллеяға көрік беріп  тұр. Демалыс орнына келген тұрғынның бірі Нұргүл Иманғалиева ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

«Ауданымыз жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Халық үшін көптеген жұмыс жасалуда. Атап айтқанда саябақ салынып, жолдар төселіп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңартып жатыр, бағдаршамдар қалыпқа келтірілуде. Осылардың барлығы ел игілі үшін деп айтар едім»,-деді кент тұрғыны Н.Иманғалиева.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ш.Уәлиханов орта мектебінің ауласынан пайдалануға берілген спорттық ойын алаңын да қарап шықты. Көлемі 3770 шаршы метр жаңа кешенде футбол, баскетбол,  волейбол, алғашқы әскери дайындық және Street Workout алаңшасы орналасқан. Ойын алаңдары жасанды көгалмен, жаттығу орындары арнайы жабындымен қапталған.

Сондай-ақ, өңір басшысы Индербор кентіндегі әскери шақыру пункті ғимаратының жай-күйімен танысты. 1987 жылы салынған екі қатарлы ғимарат әбден ескіргендіктен қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің тиісті талаптарына сәйкес келмейді. Бұл мәселені Индербор кентіндегі бұрынғы наркологиялық диспансердің ғимаратын күрделі жөндеп, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімді осы ғимаратқа көшіру арқылы шешу қарастырылуда.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аудан белсенділерімен кездесіп, тұрғындардың көкейде жүрген сауалдарына жауап берді. Тұрғындардың сұрақтары су мәселесі, жайылымдық жер, жол салу, жұмыспен қамту, туризмді дамыту бағытында болды. Осы тұрғыда Қайырлы Ғиылманов Тұздыкөлді туризм орнына айналдыру қажеттігін жеткізді. Өңір басшысы бұл бағытта жоспар жасалып жатқанын, болашақта мүмкіншілігі қарастырылатынын айтты.

Кездесу соңында Махамбет Досмұхамбетов тұрғындарға вакцинацияның маңыздылығын айтты.

«Қазір әлеуметтік желілерде түрлі қауесеттер тарауда. Кейбіреулер өзі дұрыс түсінбей, екпе егуді зиянды деп жалған ақпараттар беруде. Ондай қате мәліметке сенбеңіздер. Біздің бұл індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцинация»,-деді өңір басшысы.

Өз кезегінде Индер ауданы әкімінің орынбасары Гүлнар Сүйеуова вакцинация тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша ақпан айынан бері 7700 вакцина келсе, оның 6600-і егілген.

Ал, аудандағы эпидемиялогиялық ахуал бойынша жыл басынан бері 461 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Ауданда 50 орындық емдеу орны жұмыс істесе, қазіргі таңда 35 науқас ем қабылдауда екен. Жағдайды тұрақтандыру бағытында монторингтік топ жұмыс жасап, «Ashyq» бағдарламасына көбірек көңіл бөлінуде.

  Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары іске қосылған, құрылысы жоспарланып отырған спорт, білім беру нысандары,  ауданда іске асырылып жатқан  инвестициялық жобалар туралы баяндады, Соның ішінде, 3 жоба – құрғақ қоспалар зауыты, тұз өндіру зауыты, жанар-жағар май бекеті биыл іске қосылмақ .

Өрлік ауылында автомобиль жолын салу мәселесі де көтерілді.

Облыс әкімі түрғындардың алаңдатушылығын тудырып отырған нысан- құрылыс топырағын қазып жатқан карьердің жұмысымен танысты. Оған келіп-кететін жүк көлігінің жүргізушілері өздеріне белгіленген маршруттан ауытқып, мал жайылымын бүлдіруде екен. Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша тиісті сала мамандары және басқармалармен ақылдаса отырып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аудан әкімі мен жауапты тұлғаларға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын қадағалауды, сапа мен қауіпсіздіктің басты орында болуын тапсырды. Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тиісті жұмыстардың жүргізілуін міндеттеді.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com