Атырауда екі ер адам дүкенге сауда жасауға кіріп, 200-ден астам бұқтырылған ет өнімдерін қолды қылған.
Атырауда екі ер адам дүкенге 380 мың тенгеге жуық залал келтірген. Олар күніне 15-20 дана «Кублей» бұқтырылған ет консерві өнімдерін жымқырып, барлығы 200-ден астам бұқтырылған ет ұрлап кеткен. Қылмыстық әрекет дүкен иесінің тауарларды санап, жеткіліксіз екендігіне көз жеткізген кезінде бір-ақ әшкереленген. Белгісіз екеудің консервілерді қолдарындағы сөмкеге жасырып алып шыққан әрекеттері бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Полиция қызметкерлері қылмысқа күдікті екі тұлғаны анықтады. Олардың бірі 1990 ж.т. ер адам бұрында ұсак-түйек қылмыстар үшін сотты болған көрінеді. Екінші тұлға 1995 ж.т. туған қала тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта қылмысқа күдікті 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 188 бабы 3 бөлімі 2 тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер жасырынып жүрген екінші ер адамды ұстау үшін жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.