Атырауда “Мүгедек адамдарды тиімді оңалту” жобасының бірінші легінің қатысушылары оқуын аяқтап, ауруханадан кейінгі кезеңде жұлын патологиясы бар пациенттердің нұсқаушы-реабилитологы болу мүмкіндігіне ие болды.
Нұсқаушылар 2021 жылы “Теңізшевройл” ЖШС (әрі қарай – ТШО) қаржылық қолдауымен “Біз де адамбыз” қоғамдық қоры іске асырып жатқан “Мүгедек адамдарды тиімді оңалту” жобасы аясында “Бірінші байланыс” және “Белсенді оңалту лагері” бағдарламалары бойынша оқудан сәтті өтті. Оқытуды Беларусь Республикасының арбамен жүретін мүгедектердің республикалық қауымдастығының өкілдері жүргізді, олар “тең-теңімен” әдісі арқылы қатысушыларға мүгедектер арбасында белсенді өмір сүруге болатынын көрсетті.
– Өкінішке орай, стационардан шығарылған жұлын жарақаттары бар пациенттерге арналған белсенді және қосымша жарақаттар (аурулар) алмастан социумда өмір сүруге мүмкіндік беретін жеткілікті ақпарат жоқ екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Осындай науқастардың киіну кезінде аяқтарын сындырған жағдайлар бар екенін білеміз. Осы мәселені шешу үшін өзіне-өзі көмек көрсетуге, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына және т.б. үйрететін “Бірінші байланыс” бағдарламасын өткіздік. Ал белсенді оңалту лагерін өткізу кезінде қатысушылар алған дағдыларын практика жүзінде қолдануға және жаттықтырушыларға ассистент ретінде көмектесуге мүмкіндік алды. Біздің мақсатымыз – қатысушыларымызға әлеуметтік оңалту бойынша нұсқаушылар ретінде оқыту, мамандар әзірлеу, – деп Қор басшысы Гүлназ Қосмұрзиева жобаның мақсаты туралы айтып өтті.
10 ай бойы қатысушылар мүгедектер арбасында тәуелсіз өмір сүрудің практикалық дағдыларын алуға бағытталған тренингтік және оқыту іс-шараларының кешенінен өтті. Қатысушылар жұлын жарақаттарының физиологиясын, жеке гигиена мәселелерін, ілеспе аурулардың алдын алу мәселелерін, мүгедектер арбасында орын ауыстырудың техникасы мен әдістерін, мүгедек адамдармен және олардың туыстарымен қарым-қатынас этикетін және басқа да маңызды тақырыптарды зерттеді. Тренингтердің бірінші ағымында 10 волонтер және 10 арбамен жүретін мүгедектер қатысты, ал ағымдағы жылы жобаға тағы 10 болашақ реабилитолог қосылады. Оқыту аяқталғаннан кейін олардың әрқайсысы өз бетінше өмір сүру үшін қажетті білім мен дағдыға ие болады, соның ішінде: мүгедектер арбасын басқару дағдылары, дене шынықтыру және спортпен айналысу дағдылары, негізгі заң білімі, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдылары.
– Мен біздің облыста жаңа нұсқаушы-реабилитологтардың пайда болғанына өте қуаныштымын, бұл медициналық қызметкерлердің жүктемесін жеңілдетуге көмектеседі және пациенттерге әлеуметтік бейімделудің негізгі мәселелерін түсіндіруге жеткілікті уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Біз осы тәжірибені облыстың оңалту орталықтарында енгізу үшін ынтымақтастыққа дайынбыз және ашықпыз, – деп өз әсерімен бөлісті Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев жобаға қатысты өз пікірімен бөлісті: “2021 жылы “Мүмкіндігі шектеулі жандарды тиімді оңалту” жобасы алғаш рет ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қаржылай қолдауына ие болды. Гүлназ бен оның командасының, олардың еңбегі мен табандылығының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар Атырау қаласында бұрын-соңды болмаған оңалтудан өтуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдардың көпшілігіне болашақта көмектесе алатын нұсқаушылар дайындалды. Осы ҮЕҰ-ның дамуына қарап, Атырау облысы үшін бұл жобаның нәтижелілігі мен тұрақтылығы, тиімділігі мен қажеттілігі туралы үлкен сеніммен айтуға болады“.
Ағымдағы жылдың ақпан айында жобаның бірінші легінің түлектері қаладағы оңалту орталықтарының пациенттеріне толыққанды өмір сүру және әлеуметтік бейімделу дағдылары бойынша семинарлар өткізді. Жақын арада облыстың барлық аудандарында “Бірінші байланыс” семинарларын, сондай-ақ жазда Индер ауданында белсенді оңалту лагерін өткізу жоспарлануда.