Атырауда облыстық тамыз конференциясы өтті

by Depti
0 views

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов төрағалық еткен пленарлық сессияға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, аудан әкімдері мен 20 мыңға жуық педагог онлайн түрде қатысты, – деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жаңа оқу жылына арналған келелі кеңесте өткен жыл қорытындыланып, алдағы мақсат-міндет айқындалды. Аймақ басшысы білім саласында атқарылған ауқымды жобалардың нәтижелі болғанын атап өтті.

– Білім беру саласы әр кез басты назарда. Өңірде маңызды  жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен,  «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасын оқушылардың болашағына салынған инвестиция деуге болады.  Пандемия қиындықтарына қарамастан,  Атыраудың әрбір ұстазы өз міндетін жоғары дәрежеде орындайтынына сенімдімін – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Гүлзат Көбенова орта білім берудегі жаңашылдықтар мен кәсіптік білім беру жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.

  • Орта білім беру ұйымдарында ерекше білім алуды қажет ететін балалардың қамқорлығы басты назарға алынады. «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша» заң шеңберінде 50 мың балаға  психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес беру жүйелі түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, Мемлекеттік тапсырыс орналастыру нормасы заңға енгізілді. Оқушылардың спортпен айналысуға жағдай жасалуы назардан тыс қалмайды. Ал, 2024 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіптік оқу орындарына академиялық дербестік беріліп отыр – деді Гүлзат Көбенова.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтің айтуынша, өткен оқу жылы оң нәтижелермен қорытындыланған. Алайда, түйіні тарқалмаған мәселелер де жоқ емес.

  • Облыста үш аусымдық білім беру проблемасы әлі де өзекті. Осыған орай алдағы 5 жылдың ішінде 37 мектептің құрылысын жүргізу жоспарда. Бұл проблема кезең-кезеңімен шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, қазақ тілді мектептер үшін орыс тілді мұғалімдердің жетіспеушілігі әлі де байқалады. Осы проблеманы шешу мақсатында жыл сайын арнайы гранттар бөліп, жоғары оқу орындарымен байланысып отырмыз – деді спикер Сатқан Есенғалиев.

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы,  жергілікті ұстаздар шығармашылық мүмкіндіктер сыйлайтын төл басылыммен қауышады.

Аталған конференцияда облыстық білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы дайындаған «ӘдісTime» журналының тұсауы кесілді.

Іс-шара соңында, жетістіктер биігінде көрінген бір топ ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» және «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгілерімен марапатталды.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com