Ашығын айтар болсақ, бұған дейінгі суперпрезиденттік басқару мемлекетімізді көптеген қателіктерге ұрындырды. Соның салдарынан Тұңғыш Президентке ерекше жеңілдіктер мен негізсіз артықшылықтар беріліп, ол Конституцияға енгізіліп, басқа да ел наразылығын тудыратын жағдайларға көз үйрене бастады.
Осындай тарихи қателіктерге енді жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің қандай да болмасын партияда болуына, оның туыстарының ірі лауазымдық қызметтерге тағайындалуына, екі реттен артық президент болып сайлануына тиым салу сияқты шектеулер енгізіп, әрі Тұңғыш Президенттің артықшылығын алып тастау туралы шешім қабылдап, осы заң жобасына енгізіп отыр. Бұны жеке басқа табынушылықты жоятын, сонымен бірге билікті автократиялық басқару элементтерінен арылтатын оң механизм деп түсінеміз.
Ата Заңдағы өзгерістердің бірінде Парламент өкілеттігін кеңейту жайы айтылған. Бұндағы өзгеріске тоқталсақ, Президент өзінің ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің, Конституциялық Соттың төрағаларын тағайындаудағы жеке өзінің өкілеттілігін жойып, бұл тағайындауларды Сенаттың келісімімен жүзеге асыратын болады. Маған заңгер ретінде ұнағаны – Конституцияның 53 бабына парламенттің конституциялық заңдар қабылдау өкілеттігіне байланысты енгізілетін өзгеріс. Мысалы, егер, парламент палаталарының біріккен отырысында қабылданып, президентке қол қоюға ұсынылған конституциялық заң жобасына президент келіспей, кері қайтарған жағдайда, егер, палаталар біріккен отырысында әр палатаның депутаттарының ¾ -інен астамы заң жобасын қолдап дауыс беріп, Мемлекет басшысының қарсылығын еңсеретін болса, ол заңға Президент қол қоюға міндетті болады.
Сол сияқты, Конституцияның 54 бабына осы тектес Парламенттің әр палатасының бөлек отырысында қаралып, талқыланып, қол қоюға келіп түскен заң жобасының кейбір нормаларымен Президент келіспей, кері қайтарған жағдайда, егер палата депутаттарының 2/3 –інен көбі заң жобасын қолдап, Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір айдың ішінде заңға қол қояды.
Бұл парламенттің өкілеттілігін күшейту мақсатында жасалып отырған үлкен өзгеріс.
Салтанат Рахимова,
атыраулық заңгер