АТЫРАУДА

Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталады

1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталады, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Ермаханбетов мәлімдеді.

– Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты – қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау. Белгіленген талаптарға сәйкес іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды, – деді Ерлан Ермаханбетов.

Оның айтуынша, резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек. Атап айтқанда:
– Күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы);
– Тестілеуді верификациялау (1000 кандидаттан артық емес);
– Ситуациялық тапсырмаларды шешу (500 кандидаттан артық емес);
– Құзыреттерді бағалау ассессмент-орталық (250 кандидаттан артық емес);
– Құзыреттерді бағалау (125 кандидаттан артық емес);
– Сарапшылық комиссияда әңгімелесу (100 кандидаттан артық емес);
– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.

Құжаттарды қабылдау арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режимде жүргізіледі деп жоспарлануда.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button