Қаныш Сәтбаев – ұлттық индустриядағы ұлы тұлға

by Depti
2 views

Қаныш Сәтбаевтың қандай тұлға екені тарихта жазулы тұр. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Мен оның қазақ қоғамына қосқан индустриялық үлесін атап өткім келеді. Біз жеріміздің үсті кең, асты кен екенін мектеп қабырғасында оқып жатқан география пәнінен жақсы білеміз. Кең деп Атыраудан Алтайға созылған дархан даланы айтып отырмын. Ал, кен дейтінім – өзіміз тұрып жатқан Атыраудың астындағы «қара алтын» қамбасы. Міне, кеше мал бағудан көз ашпаған қазақ бүгін сол мұнаймен шырайланып отыр…

Айтқым келгені, мен екінші мыңжылдықта дүниеге келген ұрпақпын. Бүгінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап отырған бақытты жанмын. Не жеймін, не киемін деп басымды ауыртпаймын. Тамағым тоқ, көйлегім көк, уайымым жоқ. Неге? Себебі, шүкір, еліміздің экономикасы тұрақты. Іздегенге білім де, жұмыс та, басқасы да бар. Осының бәрі айналып келгенде мұнайшылардың арқасы болар деген ой туады. Өйткені, еліміз өндіріп отырған ең басты өнім – мұнай ғой.

Бірақ, белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» атты роман-эссесінде айтылған деректерге сүйенсек, мұнайшылардан да маңызды мамандық иелері бар екен. Олар – геологтар. Солар жер астын барлап, әлгі мұнайдың қайда жатқанын анықтайды. Анықтап қана қоймай, оны алудың түрлі тәсілдерін де табады.

Мен ғаламтордағы «ютуб» желісіне жүктелген ғылыми-танымдық бейнебағдарламаларды көп көремін. Солардың бірінде мұнайды табу да, алу да алғашқыда оңай болмағаны айтылады. Біріншіден, геолог ғалымдар жетпесе, екіншіден, техника әлі таңқалдырып үлгермеген. Осындай уақытта Қаныш Сәтбаевтай ғұламаның ғылымға араласуы ел тарихындағы елеулі оқиға болған шығар деп ойлаймын.

Мен ұлтшыл емеспін. Әйтсе де, Қаныш Имантайұлының қазақ ұлтынан болғаны ұлтжандылық сезімін одан сайын арттыра түскендей. Ендеше, индустриялық дамудың даңғыл жолын салған ұлы тұлғаға мен де еліктеп өсіп келемін. Қазақтың қарапайым баласы осындай биік белеске көтерілсе, мен де  одан үлгі-өнеге алуым керек қой! Мен де елімнің келешегіне кірпіш болып қаланғым келеді. Сол үшін де қазір ғылыми еңбек пен ізденіс үстінде жүрмін. Қаныш атамыз секілді қоғам дамуына үлкен үлес қосуды көздеймін. Әсіресе, қазір өте өзекті болып отырған медицина мен экология саласында жұртты таңқылдырар тың жаңалықтар ашуды армандаймын.

Қаныш Сәтбаев тек оқымысты ғана емес, сондай-ақ, ұтқыр ұйымдастырушы болған. Геология саласынан басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге атсалысқан. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры ретінде халқының сүйікті ұлына айналған. Осыдан артық өмірде қандай жетістік болуы мүмкін?!

Бір қызығы, ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев та ауыз әдебиеті мен туған өлке тарихын терең білген екен. Тіпті, түркітектес және шығыс елдерінің әдебиетін де жақсы меңгерген. Ол қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановқа зор құрметпен қарап, әкесі Шыңғыспен жақын сыйласыпты.

Қаныш Сәтбаев анасы бес жасында өмірден өткен соң, әкесінің бәйбішесі Нұрым Тасболатқызының тәрбиесінде болған. Бала Қаныш жастайынан зерек болып өскен. Молда мен ауыл мектебінен хат танып, талай оқу орнын тәмамдаған. Ол еңбек жолында мұғалім де, тіпті, халық судьясы да болған.

Бір өкініштісі, Қаныш Имантайұлының үш ағасы (бірі – туған бауыры, екіншісі – немере ағасы) саяси қуғын-сүргінге ұшырап, болашақ ғалымның қабырғасын қайыстырған. Сөйтіп, ерте есейген Қаныш Имантайұлы өзінің ғана емес, елінің де болашағын ойлай бастапты. Иә, белгілі тұлғалардың өмірбаянына қарап отырып, осынау атақ пен абыройдың аспаннан жаумайтынын түсінесің. Яғни, тынымсыз тіршілік пен еселі еңбек қана жеңіске жеткізіп, жемісін жегізеді. Мен осындай ой түйдім.

Мейіржан ЖҰМАҒАЛИ,

Исатай Тайманов атындағы №27 мектептің 10-сынып оқушысы

АТЫРАУ

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com