Бекшин: ЖАҢА ЖЫЛДА БЕСІНШІ ТОЛҚЫН БАСТАЛУЫ МҮМКІН… (+видео)

2afae90a b0af 4fee 9c32 d4b819bf2b39 780x450 1

Алматыда Жаңа жылдан кейін пандемияның бесінші толқыны басталуы мүмкін. Ал наурыз айының ортасында індеттің өршуі ықтимал. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин баспасөз отырысында мәлімдеді. Бірақ шаһарда абырой болғанда, «омикрон» штамы тіркелмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгінде Алматыда эпидахуал тұрақталып келеді. Себебі мегаполисте ұжымдық иммунитет 58,4 пайызға жетті. Жалпы жыл басынан бері коронавирусқа 164 477 алматылық шалдыққан. Бүгінде екпенің арқасында көрсеткіш айтарлықтай төмендеп, тәулігіне 30-дан аса науқас тіркелуде. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Дегенмен көрші мемлекеттерде дендеген «омикрон» штамы біздің елімізде де пайда болуы ықтимал дейді шаһар басшысы. Сондықтан халықты жаппай ревакциналау науқанына қатысуға шақырды.  

Коронавирустың жаңа мутациялары екпе алған немесе індетке шалдығып, жазылған адамдарға да қайта жұғып жатыр. Сондықтан барынша вакцинаның күшейткіш мөлшерін алып, иммунитетті нығайтқан дұрыс дейді дәрігерлер. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, мегаполис пандемияның кезекті толқынына дайын. Бүгінде қалада екпенің 585 700 дозасы бар. Оның ішінде «Спутник-V» екпесінің 33 756, QazVac-тың 50 мың, VeroCell-дің 223 мың 755 және Pfizer-дің 277 987 мөлшері тіркелген. Pfizer-мен иммундалып жатқан жүкті келіншектер саны да көбейіп келеді. Осы ретте мамандар вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеді дейді. Себебі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде екпе алып, босанған әйелдердің нәрестелерінде антидене біраз уақыт сақталатыны анықталған.  

«Қазір 50 шақты әйелдің баласында антидене бар екені белгіленген. Бірақ қашанға дейін сақталатыны әлі тексеріліп жатыр. Қазір 3-4 айға дейін оның күші сақталады делінуде. Ол ғылыми зарттеуге байланысты», – деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Бұл ретте әлем ғалымдары да екпе балаларды вирустан 100 пайыз қорғайтынын дәлелдеген еді. Бүгінде елімізде коронавирустың таралуы бойынша ахуал тұрақталды.  Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласында қайтадан науқастар саны көбейіп кетті. Сәйкесінше, бүгін «сары» аймаққа өтті. Бұл тізімде Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары да бар. Ал қалған 14 өңір «жасыл» аймақта орналасқан.   

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: