БЕЙНЕТАСПАҚазақстанда

МҰҒАЛІМДІ БАЛАҒАТТАҒАН ОҚУШЫҒА МИНИСТР ПІКІР БІЛДІРДІ (видео)

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы облысының Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепте оқушының ұстазға дауыс көтеріп, балағат сөз айтуына қатысты видеоға пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Видео:

https://t.me/stankznews/4150

«Отандастарым сияқты мен де Талдықорғандағы №4 орта мектептегі мұғалім мен оқушы арасындағы жағдайдың видеосын көрдім. Әрине, оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілімді түсірді.

Қай заманда болмасын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек.

Бүгін мен №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім», – деп жазды министр Тelegram-да.

Аймағамбетовтің жазуынша, оқушы мен кәмелетке толмаған балалар үшін жауапты ата-анаға қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданады.

«Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.

Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек.

Бұған дейін оқушыға психологиялық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатынын хабарлаған болатынбыз.

Мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқарады. Балаларды үлкендерге, әсіресе қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға құрметпен қарау сияқты қасиеттерге баулуға шақырамын», – деді ҚР Білім және ғылым министрі.

Еске сала кетейік, бұған дейін 11 наурыз күні биология сабағында 2005 жылы туған оқушы мұғалімге балағат сөздер айтып, дауыс көтере сөйлегенін жазған болатынбыз. Мұғалім Талдықорған қаласының полиция бөліміне арыз жазды.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button