АТЫРАУДА

АТЫРАУДА 67 КӘСІПКЕР МАСКА ТІГУМЕН АЙНАЛЫСУДА

Кеше Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус қауіпінің алдын алу дайындығына қатысты селекторлық режимде жиын өткізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жиын барысында аймақ басшысы облыс көлемінде, қалада және аудандарда жасалып жатқан жұмыстарды жеке-жеке пысықтап шықты. Санитарлық посттардың жұмысы, тиісті медициналық дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтардың дайындығын нақтылады. Халық көп жүретін орындарды дезинфекциялаудың тұрақты түрде жалғасатынын айтты. Облыс көлемінде 67 кәсіпкердің маска шығарып жатқанына тоқталған аймақ басшысы қазіргі кезде оның аздық ететінін атап өтті. Сондықтан Атырау қаласына күніне кем дегенде 7000, Жылыой ауданына 3000, өзге аудандарға күніне 1500 маска шығаруды қадап тапсырды. Сонымен қатар, санитарлық посттарда еліміздің өзге өңірлерінен келетін азаматтарды мұқият қадағалап, тексеруді, әрбір адамның жеке мәліметтерін тиянақтап отыруды тапсырды.

-Шекарадан өткен, өзге өңірден келген адамдардың барлығы жіті тексерілуі керек. Қазір облыс бойынша тепловизор құралдары жеткілікті. Сондықтан, қолда бар құралдарды тиімді пайдаланып, жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button