АТЫРАУДА

Атырау қаласында мектеп оқушылары саны жылына 5000-ға артып отыр

«Бұл туралы 2018-2021 жылдар аралығындағы білім сапасы қорытындыланған коллегия отырысында айтылды» деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Білім беру қызметкерлері бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысып, саладағы өзекті мәселелерге назар аударды.

Атырау қалалық білім беру басқармасының басшысы Фаруза Шангереева
мектеп оқушыларының пәндік олимпиадаларға қатысуы, ғылыми жобалар байқауы, ҰБТ қорытындысы, кәмелетке толмағандардың құқықтық мәселесі тақырыптарына тоқталды.

  • Өңірде оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 5 мыңға жуық оқушыға артып отыр. Қалада 2017-2018 оқу жылында 57 мектеп болса, 2021-2022 оқу жылында 62 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеуде. Алайда, орта есеппен алғандағы соңғы 3 оқу жылындағы білім сапасының өсімі баяу, – деді Фаруза Шангереева.

Осы ретте, «Атырау облысы бойынша білім беруді дамытудың 2021 – 2023 жылдарға арналған жол картасы» қабылданғанын атап өткеніміз жөн.

Жоба облыс бойынша 50 мектепті қамтып отыр. Оның ішінде, Атырау қаласынан 21 мектеп қатысуда.

Жоба аясында мектептер бойынша жүргізілген кешенді зерделеу нәтижесінде білім сапасының төмен болуына әсер етіп отырған негізгі факторлар анықталды.

«Мәселен, инклюзивті және үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс дағдысы, практикалық сабақ жасау дағдылары жетілдіруді қажет етеді.

Білім алушыларға мотивация жасалмайды. Оқушыларға жайлы орта қалыптастыра алмау да басты мәселе болып отыр» деп атап өтті спикер Фаруза Шаңгереева.

Жиынды қорытындылаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова білім сапасын арттыруда мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді, бұл бағытта кешенді шараларды іске қосуды тапсырды.

Еске сала кетелік, Атырау қаласы бойынша 62 мектеп бар. Оның ішінде, 31 мектеп қазақ тілінде, 2 мектеп орыс тілінде, 29 мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім беруде.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button