Жылдың басынан бері бұралқы иттерді жоюға 1035 атыраулықтан өтініш түсіп, 323 адам жәбір көріп үлгерген, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қалалық ветеринария стансасының штатында 3 бригада аңшылары жұмыс жасауда, олар қала тұрғындарынан келіп түскен шағым бойынша бұралқы иттерді жою жұмыстарын жүргізеді.
- 2021 жылы бұралқы иттерді аулап жоюға 25 392 000 теңге бөлінді. Бұл қаражат еңбек ақы, техникалық қызмет және жою жұмыстарына жұмсалады. Бүгінгі күні 17 771 700 теңгесі игеріліп, 4 587 бұралқы ит жойылды.
Қалған қаржыға 2 600 бұралқы ит жойылады. Бір итті жою бағасы – 1452 теңгені құрайды, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Бояров.
Қазіргі таңда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен ұсынылған «Жануарларға жауапты қарау» заң жобасы дайындалды.
Дайындалған заң жобасына Атырау облысы әкімдігі атынан бұралқы иттерге пана салуға байланысты ұсыныстар берілген.